Астананың Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Кезекті тексеру барысында аудан аумағындағы ойын-сауық орындарының бірінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз сатуға арналған алкоголь өнімдері сақталғаны анықталды.
Рейд кезінде 30-дан астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді. Олардың арасында қолдан жасалған және шығу тегі белгісіз ішімдіктер де болған.
Мамандардың айтуынша, мұндай өнімдердің заңсыз айналымы азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Осыған байланысты жиналған материалдардың барлығы заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жолданды.
Әкімдік заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымын анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ аудан әкімдігі тұрғындарды заңсыз алкоголь саудасы туралы деректерді хабарлауға шақырды.
«Әрбір өтініш мұқият қаралып, түскен ақпарат уәкілетті органдармен бірлесіп тексеріледі. Аудандағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті тек бірлескен күш-жігер арқылы қамтамасыз ете аламыз», – делінген әкімдік хабарламасында.