Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

6 Шілде 2021, 11:33
6910
Бөлісу:
Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Астананың аспанмен астасқан сәнді ғимараттары мен ескерткіштері еңбектеген баладан еңкейген кәрінің аузында. Алайда Еуразия жүргінде осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын орын тепкен қаланың ғасырлық тарихы бар мұралары жайлы біреу білсе, біреу білмес. 

Елордада 46 тарихи және мәдени ескерткіш бар, оның екеуі республикалық маңызға ие. Солардың ішінде ғасырға жуық тарихы бар бес мұраны назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

              Құлыптастардағы құпия 

Иә, бұл «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп тамашалайтын жер емес. Бұл мекеннің әлі ашылмаған сыры көп. «Ақ Орда» ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің мәліметтері бойынша «Қараөткел» зиратында 300-400 жыл бұрын жерленгендер бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ескі қорымды сүріп тастайды екен қауесет тарап, талай жұрт ата-бабасының мәйітін қорғамақ болды. Кейіннен оба індетіне шалдыққандар жерленген деген де сыбыс шықты. Өткенге салауат айтатын елдің ұрпақтары күш салып 2010 жылы «Жастар» шағын ауданы аумағындағы көне мұсылман зиратына әкімдік қаулысымен Қала құрылысы және сәулет ескерткіші мәртебесі берілді.

Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Кемел Ақышев атындағы Археология институтының ғалымдарынан ғылыми-зерттеу тобы құлыптастарды зерттеуге кірісті. Зерттеушілер «Қараөткел» мұсылман зиратының 1609–1962 жылдар аралығын қамтитынын анықтады. Бұл қорымда Тәуке ханның ұлы Сәмеке, Ақмоланың негізін қалаушы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Кенеса­ры, Амангелді батырлардың сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, діні мұсылман халыққа белгілі Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған қайраткерлер жерлен­ген деген деректер бар. Қазіргі таңда 2169 құлпытас сақталған екен. Араб, парсы, төте жазумен жазылған құлпытастардың да бар екені анықталды.  Ғылыми топтың зерттеушісі Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Серғазы Сәкеновтың мәліметтеріне сүйенсек, мұнда он мыңға жуық адам жерлен­ген болуы мүмкін. Олардың тек екі мыңнан астамының басына ғана құлпытас қойылған. Ересектер моласының аяқ жағында жас балалардың да зираты бар болып шықты. Қорымның аумағы 18 га құрайды. 1962 жылдан бері мұнда адам жерленбеген.  

                        Тың игерушілер тыныққан жер 

Арқа төсінде техниканың дүбірі  өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тың игеру жұмыстары басталғаннан бері толастамады. Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исаханның мәліметіне сүйенсек, 1961 жылы 20 наурыз­да Ақмола шаһары – тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына айналады. Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен қала күн санап өсті. Өлке орталығында түрлі шаралар өткізетін кең қоғамдық ғимарат қажет болды. Тіпті 1961 жылы Никита Хрущев Целиноградқа келгенде жиналыс өткізетін лайықты зал таппай өндіріс орындарының бірінде жиналды. Осыдан кейін Тың игерушілер сарайының құрылысын салу жөнінде шешім қабылданады. 

Сарай құрылысы  2 жыл және  2 ай жүрді. Тың игерушілер сарайының жалпы құны  - 3 172 169 сомға шыққан. 60-80 жылдары Тың игерушілер сарайына гастрольмен еліміздің көптеген атақты ұжымы келді, олардың қатарында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  опера және балета театры, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры, Пушкин атындағы Ленинград академиялық драма театры, Мәскеулік мемлекеттік оперетта театры бар. Тың игерушілер сарайы, қазіргі концерт залы «Астана»  қаланың орталық алаңын  демалыс аймағымен байланыстырып тұрған  қала құрылысы жүйесінде  маңызды объект болып саналады.

Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

Ауқаттылар ғана емделе алған аурухана 

Бүгінде елордамыздың медициналық орталықтары  республикалық қана емес, Орта Азияда беделге ие. Қалалық ауруханалардың өзі күн санап көбейіп келеді. Ал арқа төсінде алғаш рет пайда болған аурухана небары 16 жатын орынға арналған болатын және тек ауқатты азаматтар ғана емделе алатын. Кірпіштен қаланған екі қабатты аурухана ғимараты қаланың тарихи орталығының шығыс жағында, Республика даңғылы және Ә.Жангелдин көшесінің қиылысында орналасқан.

Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

«Нұр-Сұлтан қаласының Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мәліметтеріне сүйенсек, ғимаратты 1880 жылы көпес, Акмолинск қаласының басшысы Степан Андрианович Кубрин Мәскеуде медициналық білім алған жиеніне арнап салдырған. Кеңес жылдары осында онкологиялық диспансер орналасты. Қазір ғимаратта «Республикалық космостық байланыс және радиоэлектрондық құрылғылардың электромагниттік сәйкестігінің орталығы» АҚ орналасқан. 

Алғашқы ақ үй 

М.Горький атындағы Орыс драма театрының әкімшілік ғимараты, бастапқыда қалалық басқарма үйі,қаланың тарихи бөлігінің орталығында,Желтоқсан көшесінде орналасқан. Бір қабатты жертөлелі, жоспарында Г-тәріздес ғимарат XIX ғасырдың  90-шы жылдары Қалалық басқармаға арналып салынды да,  қаланың бірінші әкімшілік ғимаратына айналды. Басқарма қаланың өмірінде маңызды саяси,қоғамдық және шаруашылық роль атқарды. Дәл осында Акмолинскінің  барлық істерін басқару жүзеге асырылатын.   1894 жылы Қалалық Думаға сайлау өтті.

Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

1874 жылғы 15 сәуірде дауыс берушілер  қалалық басқарма мүшелерін сайлады.  Қала басшысы болып  Дмитрий Львович Филатов сайланды. ХХ ғ.басында қалалық басқарманың белсенділігінің арқасында Акмолинскіде қалалық аурухана, үш ерлер және екі әйелдер приход училищесі, Мария атындағы әйелдер училищесі, Жоғарғы бастауыш ерлер училищесі жұмыс істеді. Соңғы қала басшысы лауазымын көпес Степан Андрианович Кубрин атқарды. Ақпан революциясынан соң  және билік Уақытша өкіметке көшкеннен кейін басқарма мүшелері Акмолинскіде уездік Атқару комитетін қалыптастырды, бірақ ол ұзақ тұрған жоқ. Т.И.Бочко басқарған белсенді большевиктік топ 1917 жылғы 27 желтоқсанда Акмолинск қалалық Совдеп құрды, ал 1918 жылғы  2 наурызда Жұмысшылар,шаруалар,солдаттар және мұсылман депутаттарының бірінші уездік съезінде Акмолинск уездік  Совдепі  сайланды және уезде бірыңғай Совет үкіметінің орнатылғаны туралы шешім қабылданды.

Съезд соңында оның қатысушылары қалалық басқармаға барды және салтанатты түрде ғимараттың алдындағы екібасты бүркіті бар бағананы кесіп тастады. 1919 жылы ғимаратта 59 атқыштар дивизиясының штабы орналасты,дивизия басшысы К.И.Калнин болды. Одан кейін әр жылдары осында қалалық және облыстық кітапханалар орналасты. 2003 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бастапқы қалпы, жалпы, сақталған.   

Жасыл мешіт қоршауы 

Ғасырдың басында болған мешіттің  темір қоршауы қаланың орталық бөлігінде, Абай даңғылында орналасқан. Мешіт бұрынғы Церковный көшесінде орналасты ( қазір Абай және Республика даңғылдарының қиылысы).  Халықтың арасында - «татар мешіті» немесе « жасыл мешіт»- деп аталған. «Татар мешіті» - деп аталуының себебі,ол қажы Мүрсәлім  Миркамаловтың, болыс билеушісі Жәнібек Байбековтің (С.Сейфуллин бабасы )  бастамасымен Акмолинскінің ең бай саудагері,ірі  мал өсіруші, 2-гильдия  көпесі Нұрмұхамед Забировтың жеке қаражатына  1895 жылы салынды. 

Елордадағы ғасырлық тарихы бар ескерткіштер

Ал «жасыл» аталуының себебі  жасыл бояумен боялуына  байланысты болды.  Мешіт жабылып, қайта құрылған соң  ұзақ мерзім  Пионерлер үйі орналасты. Кейіннен Пионерлер үйі орталық алаңға, бұрынғы  қалалық партия  комитетінің ғимаратына көшірілген соң, ағаш мешіттің қалдығы  алынып  тасталды. ХХ ғасырдың  50-шы жылдары орнына үш қабатты тұрғын үй салынды. Қазір «жасыл» мешіт қоршауының фрагменті ғана, кірпіш бағаналар және металдан соғылған  өрнекті   тор қоршау сақталып қалған. Сақталып қалған учаскенің жалпы ұзындығы 71,5 м.

 Металдан соғылған декоративтік  тор қоршаулар  биік және тұтас болып келген, сылақталған квадрат пішінді кірпіш бағаналар аралығында орнатылған. Қақпаның және бас кіре берістің кірпіш бағаналары аркамен қосылған. Қоршаудың кірпіш бағаналарының металдан жасалған жабындылары бар.   
 

Өзгелердің жаңалығы