Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының ең ірі қосымша білім беру ұйымы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы 10 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметі.
Оқушылар сарайының білім беру қызметінің 10 жылы ішінде 7500-ден астам тәрбиеленушісі түрлі деңгейдегі конкурстық іс-шараларға қатысты. Олардың ішінде 500-ден астам бала жыл сайын халықаралық, республикалық, өңірлік және қалалық конкурстардың, фестивальдардың, көрмелердің, конференциялардың, жарыстардың, чемпионаттардың, турнирлер мен олимпиадалардың жеңімпаздары, жүлдегерлері, дипломанттары болады.
Оқушылар сарайында 12 000 баланы қамтитын 100-ден астам үйірмелер, секциялар және шығармашылық бірлестіктер жұмыс істейді. 11-15 сәуір аралығында Оқушылар сарайында ғылым, шығармашылық және спорт саласында мерекелік іс-шаралар өтті. Ғимаратта педагогтар фотогалереясы ашылды. Мерейтойлық апта «Армандар бастау алар мекен» гала-концертімен аяқталады.
Бағдарламада шығармашылық ұжымдардың, вокалдық студиялардың хореографиялық композициялары, жас спортшылардың түрлі спорт түрлеріндегі көрсетілімдері бар.
Концерт залының сахнасында қазақ халық аспаптар оркестрі, Жетіген «Белес» ансамблі, «Мелодика» эстрадалық-үрмелі ансамблі, «Кішкентай жұлдыздар» , «ГолосОК» студиясы, «Release», «Джунгли қоңырауы» би ұжымы өнер көрсетеді.