Елордада жаңа жағалау салынады

21 Қыркүйек 2021, 22:43
3067
Бөлісу:
Елордада жаңа жағалау салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында Нұра-Есіл каналының жаңа жағалауы жобасының эскиздері көрсетілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық кеңістік тұжырымдамасы урбанистік сәулетшілердің осы көктемде аудан тұрғындарымен өткен бірнеше кездесуінен кейін жасалды. Тұрғындар өз аулаларына қандай өзгеріс енгізгісі келетінін шешеді – ойын алаңдары немесе фитнес аумақтары.

Абаттандыру жұмысы екі кезеңге бөлінеді деп хабарланды. Бірінші кезекте Ұлы Дала даңғылынан Оңғарсынова көшесіне дейінгі учаске жөнделеді. Мұнда шамамен 19 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылады, сол сияқты 20 мың шаршы метрден асатын тротуар төсемдерінің алаңы салынады. Екінші кезекте Оңғарсынова көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейінгі учаскеде осындай жұмыстар жүргізіледі. Көгалдандыру ауданы – 15 568,1 шаршы метр. Тротуар төсемдерінің ауданы – 14 692 шаршы метр.

Бұл аумақта ересектер де, балалар да бос уақытын тиімді өткізбек. Жергілікті тұрғындар елордалықтар үшін жайлы, ыңғайлы, қауіпсіз жағалау жасалынса деген тілегін білдірді.

Қоғамдық кеңістікті құру кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін «адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы ескеріледі. Бұл да «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында урбанистердің тұрғындармен орнатқан қарым-қатынасының нәтижесі. Әрине, навигация, елорданың дизайн-коды бойынша көгалдандыру мәселесі де ескерілді, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, жобалық шешімде жағалау бірнеше учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысы белгілі бір демалыс түріне арналады. Учаскелер жүгіру және велосипед жолдарын байланыстырады. Жобаны келесі жылы іске асыру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы