Елордада жаңа студенттік қалашық салынады

18 Наурыз 2024, 19:50
305
Бөлісу:
Елордада жаңа студенттік қалашық салынады
Фото: pixabay.com

Бұл туралы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев пен Қазақстан студенттер Альянсының атқарушы директоры, студенттік омбудсмен Аружан Бахитованың қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023-2024 оқу жылында Астана қаласының әкімдігі азаматтардың жекелеген санаттарынан 150 түлекке грант бөлді. Елорданың білім беру ұйымдарын педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Осы мәселені шешу мақсатында жоғары оқу орындарында мұғалімдер мен дәрігерлерді даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бар. 2027 жылға дейін педагогикалық мамандық бойынша шамамен 1 871 азаматқа білім беру жоспарлануда.

Ағымдағы оқу жылында елорданың жоғары оқу орындарын оқитын 150-ге жуық студент қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен қатынайды.

Астанада қалалық еріктілер штабы жұмыс істейді. Оның қатарында 5 мыңға жуық ерікті бар, олардың 50%-ы студенттерден тұрады. Елорда оқушыларына қолдау көрсетуге бағытталған «Менің бауырым» еріктілер жобасы аясында студенттер ауқымды іс атқарды. Бүгінгі таңда студенттер арасында Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарына еріктілерді тарту бойынша белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 2 мыңға жуық студент қатысуға дайын, - деді спикер.

Бүгінгі таңда Астанада 15 жоғары оқу орны бар, онда 115 мыңға жуық студент оқиды. Студенттердің көпшілігі басқа қалалардан келген. Осыған орай жатақханаларда жаңа орындар құрылуда. 2023 жылы 1 170 орындық 8 жатақхана пайдалануға берілді. 2024 жылы 1 889 орындық жатақханалар салу жоспарланып отыр. 2025 жылы тағы 8 жатақхананы пайдалануға беру жоспарда бар. Сонымен қатар Медициналық университеттің балансына бұрынғы «Рамада Плаза» қонақүйінің ғимаратын бергеннен кейін 700 студент тұратын жатақхана ретінде қайта құрылады.

Сондай-ақ, елордада ЕНУ-град жаңа студенттік қалашығы салынады. Оның аумағында оқу, ғылыми-зерттеу, спорттық-сауықтыру, демалыс және технопарк сияқты бірнеше заманауи аймақтар орналастырылмақ. Бүгінгі таңда Астана қаласының әкімдігі Еуразия ұлттық университетіне Учхоз ауданынан 30 га жер телімін бөліп берді.

Өзгелердің жаңалығы