Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Әскери-тарихи музейде Қазақстанның халық әртісі, ерекше дауыс иесі Жамал Омарованың 110 жылдығына арналған көрменің ашылуы өтті.
Іс-шараның ашылуына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы, профессор, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Бақтыбай Қасымбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер зерттеушісі Серік Оспанов, әнші Бағдат Сәмединова және тағы да қонақтар қатысты.
Бүгін музейде Қазақстанның халық әртісі, қазақ ұлттық операсы мен ән мәдениетін дамытуға үлес қосқан Жамал Омарованың 110 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» атты көшпелі көрме өтіп жатыр. Оны әскери-тарихи музейі және орталық музей бірлесіп ұйымдастырды, - деді Әскери-тарихи музейі ұйымдастыру қызметінің басшысы Дәулет Қадіров.
Оның айтуынша, көрмеге әншінің концерт көйлегі, пайдаланған заттары, әшекей бұйымдары және әншінің өмірінен сыр шертетін фотолар, архив құжаттары қойылған.
Сондай-ақ мұнда әнші Роза Бағланова, биші Шара Жиенқұлова, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әйел-ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың да құнды заттары қойылған. Музейге келушілер Жамал Омарова және қазақтың батыр қыздарының өмірінен құнды ақпарат ала алады. Көрме шамамен 1 аптаға жоспарланған, - деді музей қызметкері.
Профессор, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Бақтыбай Қасымбеков Жамал Омарованың өмірбаянына тоқталды.
Ол 1912 жылы ауқатты отбасында дүниеге келген. Ол Қожамқұл деген бидің немересі болған. Әкесінің аты – Омар. Қожамқұл бидің 4 баласы болған. Олардың барлығы оқыған. 1889 жылы Жамал Омарованың әкесі Мәскеу университетін бітірген. Қожамқұлдың балалары оқуын бітіргесін, қазақ еліне келіп, зауыт ашқан. Революцияға дейін олардың ауқатты болғаны соншалық 3 зауыты болған. Онда кірпіш, қант, май шығарылған, - деді профессор.
Ол Қожамқұл бидің балалары өз байлығын жеке мүддесіне пайдаланып қоймай, қазақтарды білім алуға шақырғанын жеткізді.
Омардың інісі Нашыр, яғни екеуі Ташкент қаласында мектеп-интернат ашқан. Онда Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов жұмыс істеген. Бұл шамамен 1925 жыл. 1928 жылы кеңес үкіметі Омар мен Нашырдің дүние-мүлкін кәмпіскелей бастайды, ал 1937-1938 жылдары олар ату жазасына кесілді. Сол уақытта 15 жастағы Жамал Омарова жалғыз қалады. Ол әкесінің атқосшысына тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Бірақ «Омарова Жамал Омарқызы» болып қаламын деп тегін өзгертпеген, - деп айтты Бақтыбай Қасымбеков.