Әлемде өзінің қызығы үшін белгілі бір нәрселердің коллекциясын жинайтын адамдар бар. Коллекция жинау - көңілдің қанағат табуы деседі. Елордада ескі тұрмыстық заттардан бір сөре коллекция жинаған Меңдібай Көшербаев есімді азамат тұрады. BAQ.KZ тілшісі көненің көзі саналатын заттармен танысып қайтты.
Меңдібай Еділұлы – мұнайшы. Ескі заттарды жинауға деген қызығушылығымды оятқан әкем дейді ол.
Бірде ауылдағы сарайдан көне шәйнекті тауып алдым.Оны тазалап, лактап, үйге әкеліп қойдым. Әкем шәйнекті көріп, оның тарихын айтып берді. Содан соң, менің де ескі заттарды жинауға қызығушылығым артты. Сөредегі көп жәдігерді туыстарым берген. Енді бірін арнайы сатып алғанмын. Коллекциямдағы заттар жақын адамдарымның берген мүліктері болған соң, бәрі маған құнды. Кейінірек Астана немесе Ақтау қаласының мұражайына тапсыруым мүмкін, - дейді коллекционер.
Коллекционер жинаған бір сөреде қырыққа жуық жәдігер сақталған. Әр жәдігердің өзінің тарихы бар. Ендеше, назарларыңызға коллекциядағы құнды жәдігерлермен бөлісейік.
1. Шәйнек. 1949 жылы әкем - Көшербайұлы Еділ Түркменстанның астанасы Красноводскдегі базардан сатып алды. Ол кезде әкем совхозда жұмыс істейтін. Жаз мезгілінде Маңғыстау облысының сор жерлерінің тұзын зерттеуге экспедиция келген. Әкем осы экспедицияда жұмыс істеп, ақша тауып, Красноводскге барып осы шәйнекті сатып алған. Бұл жәдігер Николай патша заманында жасалған.
2. Шамдалы (примус). Әкем 1970 - 1980 жылдары егін жинауға қатысқан. Сол кездері Петропавл қаласынан сатып алған. Бензин құйып жағады, жанғанда газ сияқты көгілдір от болып жанады. Сол егін жинау науқанында далада осы примуспен ас пісіріп, шай қайнатып ішкен.
3. Тоқым. Атты ерттеген кезде жылқының үстіне, ердің астына төсеген. Ішкі беті киізден, сырты таза былғарыдан жасалған. Бұл жәдігерді атам - Көшербай Аралұлы өз қолымен жасаған.
4. Шапашот. Атам Көшербай – ағаш ұстасы болған. Ол осы құралмен ағаштан, сүйектен түрлі бұйымдар жасаған.
5. Май-пеш. 1981 жылы ауылдарға тоқ жүргіземін дегенше халық осындай май-пешпен тамақ пісіріп, нан жапты.
6. Радиола. Радио хабар қабылдағыш пен граммафондық жазылғанды ескертуге арналған электрлік пластинка ойнатқыш құрылғыны ортақ бір құндаққа біріктіріп жасалған қондырғы.
7. Патефон. Бұл граммофон пластинкасынан дыбыс шығаруға арналған аппарат. Дыбыс жазып, оны қайта шығару үшін пайдаланылған.
8. Жартылай автоматты кинокамера. Кеңес үкіметі кезінде қолданылған.
9. Танометр. Қан қысымын өлшейтін құрылғы.
10. Ең бірінші шыққан цифрлы Sony видеокамерасы.
11. Ундервуд. Ескі жазу машинасы.