Елордада «Ынталы ата-аналар» атты фотокөрме ашылады

11 Қараша 2022, 15:15
1055
Бөлісу:
Елордада «Ынталы ата-аналар» атты фотокөрме ашылады

Қарашаның 11 мен 23 аралығында «Керуен» ойын-сауық орталығында «Ынталы ата-аналар» атты швед-қазақстандық фотокөрме ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Швеция мен Қазақстандағы саналы және тең құқылы ата-аналардың дәрежесі қай деңгейде? Аталмыш мәселенің жауабын көрме қатысушылары Элин Берге (Швеция) және Роман Анашкиннің (Қазақстан) суреттерінен таба алады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 11 қараша күні сағат 19:00-де «Керуен» сауда орталығында өтеді. Қазақстандағы Швеция Елшілігі мен БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласындағы қоры (ЮНФПА) ұйымдастырған экспозицияға сүйеніп жинақталған Швеция институтының «Ата-ана тәрбиесі – тең мүмкіндік» фотокөрмесі Роман Анашкиннің Қазақстанда түсірілген фотосуреттерімен толықтырылған. Фотокөрме 40 суреттен тұрады.  Онда шведтік және қазақстандық отбасылардың балалы болған кездегі ең бақытты да  қызықты және қиын сәттері шынайы бейнеленген. 

Көрменің мақсаты – саналы ата-ана болудың маңыздылығы мен отбасылық жауапкершілікті тең бөлісу керектігі туралы баяндау. Швеция 1974 жылы әке-шешелерге бала күтіміне байланысты демалысты заңдастырған тұңғыш ел болғандықтан – тең ата-ана құқығының жаһандық тренді болып табылады. Әкелерге бала күтіміне байланысты декреттік демалыс беру Қазақстан заңнамасында да бекітілгендіктен,  ер-азаматтар да әйелдер сияқты мемлекеттен жыл бойы қаржылай көмек ала алады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 3,5 мың ер адам бала күтіміне байланысты ресми түрде демалысқа шыққан.

Элин Берге мен Роман Анашкиннің фотосуреттерінен біз ата-аналардың ерлер мен әйелдердің рөлдері туралы санамызға сіңіп кеткен түсініктер шеңберінен шыға отырып, диалог, теңдік пен сыйластыққа құрылған серіктестікке көшуге деген ұмтылысты көреміз.

Қазақстандық фотограф-документалист Роман Анашкиннің айтуынша, саналы ата-аналармен жұмыс істеу бір ғанибет: «Мен әртүрлі әке-шешелерді көрсеткім келді. Олардың мамандықтары да әртүрлі, әл-ауқаттары да бөлек, өмір салттары да басқа.  Бірақ олардың барлығына бала бақыты ортақ. Саналы ата-ана болу тек шешеге ғана емес, әкеге де байланысты. Менің фотосуреттерім балаларының тәрбиесіне тең жауапты әкелер мен аналар тарихынан құралған.

Көрменің ашылуына: Швецияның Қазақстандағы Елшісі Матс Фойер, БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Ронни Линдстром, ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Данилов, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй, БҰҰ Әйелдер ұйымының өкілі Мария Доценко, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, «Әкелер одағы» ҚБ төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет пен «Art of her» медиа-порталының тең құрылтайшысы Әлихан Мұсатаев қатысады.

Өзгелердің жаңалығы