Елордада Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

27 Мамыр 2022, 19:00
1226
Бөлісу:
Елордада  Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жанынан ашылған Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі Жобалық кеңсенің басқарушы комитетінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.   

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Ernst &Young компаниясының өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Тамара Дүйсенова өз сөзінде Ұлттық біліктілік жүйесі (әрі қарай - ҰБЖ) 2012 жылдан бері қалыптаса бастағанын атап өтті. Содан бері 2,6 мыңнан астам мамандықты қамтитын 590 кәсіби стандарт әзірленді. Оның 550-і Дүниежүзілік банктің «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында бекітілді.    

Министр кәсіби стандарттарды әзірлеу барысында бірқатар қиындықтың кездесетінін атап өтті. 

Біріншіден, бекітілген кәсіби стандарттар Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеушісіндегі қосалқы санаттардың 27%-ын ғана қамтиды. Екінші мәселе - кәсіби стандарттарды әзірлеуге қаражаттың жоқтығы. Бұл ретте кәсіби стандарттардың басым бөлігін жаңартып, өзектілігін арттыру керек. Ең басты мәселе – процеске қатысушылар (мемлекеттік органдар, ҰКП, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, білім беру бағдарламаларын, кәсіби стандарттарды әзірлеуге қатысатын қауымдастықтар) арасында жұмысты үйлестіру және мақсатты бірлескен әрекет жоқ.Осыған байланысты Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Жобалық кеңсенің жұмысы қайта жандандырылды. Мемлекеттік органдардың жанынан барлық мамандықты кәсіби стандарттармен қамту үшін жобалық топтар құрылды, - деді Тамара Дүйсенова.  

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, Жобалық кеңседе ҰБЖ элементтерін енгізу барысын бақылау, үйлестіру және әдістемелік қолдау көрсетіледі. Кеңсе жұмысы біліктіліктің салалық жүйесін жоспарлы түрде және тиімді дамытуға бағытталады. Яғни кәсіби стандарттарды әзірлеуден бастап сертификаттау жүйесін енгізу, кәсіби біліктілікті тануға дейін қамтылады.     

Отырыста ҰБЖ-ін дамыту мәселелері, жұмысты сапалы ұйымдастыру және мемлекеттік органдар жанындағы Жобалық кеңсе мен жобалық топтардың бірлескен жұмысы қаралды.  

Отырыста ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова,  Ernst &Young компаниясының серіктесі Ксения Бабушкина, «YevniyConsultingGroup» ЖШС басқарушы серіктесі Арман Евниев баяндама жасады.

Отырысты қорытындылаған Тамара Дүйсенова кәсіби стандарттар мен біліктіліктің салалық шеңберін әзірлеу жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы