Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана Балет» театрында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлттық хореография кеші» өтті.
Көрермен назарына отандық хореограф, еліміздегі қазақ биін қоюшылардың көш басында тұрған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің туындылары қойылды. Концерттік бағдарламада этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер, жарқын бейнелер мен қызықты хореография үйлесім тапқан.
Осы кешке қатысқан балет әртісі Тұрғали Аққалидың айтуынша, бірінші актта Мукарам Авахридің «Жусан» балеті көрсетіліп отыр.
Бұл балет қазақ халқының тарихын, бастан өткерген қиын кезеңді би пластикасы арқылы көрерменге жеткізеді. Меніңше, талғамы биік көрермен бұл биден керемет әсер алды. Себебі Қуат Шілдебаевтың музыкасы, костюм, декорация, бәрі бір-бірімен үйлесім тауып, тақырыпты ашып тұр. Мұның бәрі түрлі эмоциялар сыйлайды. Екінші актта қазақтың ұлттық билері қойылды, - деді ол.
Ал «Ұлы дала мұрасы» қойылымы Дәурен Әбіров, Мукарам Авахри, Айгүл Тәти, Анвара Садықова сынды еліміздің танымал хореографтарының билерінен тұрады.
Қойылымда қазақтың ұлттық нақышы, салт-дәстүрі, ойындарын би арқылы көруге болады. Қазақ жігіттері мен қыздарының батырлығы байқалады. Биді билегеннің өзінен ләззат аласың. Толықтай биге үңіліп кетесің. Бұл жаңа премьера емес. Бағдарламамен шетелге сапарға шыққанда Қазақстанның визиттік картасы деп аталып кеткен. Өйткені әр сапарымызға осы бағдарламаны қосу дәстүрге айналды. Біздің ұлттық билеріміз өзге елдерге қызық, экзотика, жаңа тыныс, - деді әртіс.