Елордада Тоқаевтың қатысуымен халықаралық конференция басталды

13 Қазан 2021, 17:09
6620
Бөлісу:
Елордада Тоқаевтың қатысуымен халықаралық конференция басталды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференция басталды.

Халықаралық конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, БҰҰ-ның жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық сарапшылар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысып жатыр.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету жолдарын, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктердің басым бағыттарын және көміртегі бейтараптығына көшу үшін қомақты қаражат жұмылдырудың маңыздылығын талқылау.

2020 жылғы 12 желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жететінін айтты.

Елордада Тоқаевтың қатысуымен халықаралық конференция басталды

Қазақстанның барлық азаматының атынан бүгін климаттың өзгеруіне қарсы күреске деген біздің берік ұстанымымызды және ұлт пен үкімет ретінде Париж келісіміне сәйкес барынша батыл, мақсатты іс-қимыл жасауға деген ниетімізді растағым келеді. Осы тұста біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттіміз. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан шығарындыларды азайтуға және экономикамызды көміртексіздендіруге бағытталған өршіл ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлейді және қабылдайды, - деген еді Тоқаев.
Айта кетейік, 2015 жылы желтоқсан айында БҰҰ-да климат жөніндегі Париж келісімі қабылданды. Құжатты 195 ел мақұлдап, жер бетіндегі орташа температураның 2 градустан артық көтерілуіне жол бермеуге уағдаласты. Келісімге біздің ел 1 жылдан кейін қосылды.

Өзгелердің жаңалығы