Елордада терек мамығы өртінің 105 жағдайы тіркелді – ТЖД

26 Мамыр 2021, 11:59
3527
Бөлісу:
Елордада терек мамығы өртінің 105 жағдайы тіркелді – ТЖД
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы журналистерге берген сұхбатында айтты.

Орныққан ыстық және құрғақ ауа райы салдарынан қала аумағына өрт қауіптілігінің жоғары санаты тіркеліп жатыр. Бұл кезең өрт қауіптілігі кезеңімен ұштасып тұрғандықтан қала аумағында мүмкін болатын өрттердің алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес бірқатар шектеу енгізу қарастырылған, - деді ол.

Маманның сөзінше, қала аумағында қала периметрі бойынша егілген жасыл белбеу ішіне заңды және жеке тұлғаларға кіруге тыйым салу қарастырылған. Сонымен қатар жағажай, саяжайларда отты, құрғақ шөпті, қоқысты жағуға тыйым салу қолға алынды.

Қазгидромет таратқан ақпарат бойынша мамырдың 26-26 аралығында қала аумағында дауылды ескерту жарияланды. Яғни ауа райының күрт ысуы 36 градусқа дейін тіркеліп отыр. Осыдан терек талдары белсенді гүлденіп жатыр. Бұл өз кезегінде терек мамықтарының ашық алаңдарға, саяжайларда, жеке тұрғын үй маңында жиналып, өрт қауіптілігін жоғарылатады, - деп түсіндірді басқарма бастығы.

Осындай өрттердің алдын алу мақсатында ТЖД халық арасында түсіндіру жұмысын қолға алды. Ақпарат тарату БАҚ, әлеуметтік желілер, мектеп оқушылары мен ата-аналар чаттары арқылы жүргізіліп жатыр.

Еркін Отарғалымұлы статистикалық мәліметтерге тоқталды.

Осы жылдың 24 мамырында Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері 53 рет терек мамығының жануына байланысты орын алған өрт орындарына шықты. Осы кезеңде терек мамығын сөндіруге барлығы 105 рет шығу жасалды, - деді ол.

Еске сала кетейік, кеше 25 мамырда сағат 14:06-да Нұр-Сұлтан қаласының Қонаев көшесінде терек мамығы жанды. Өртті сөндіруге Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД жеке құрамнан 10 адам, 2 техникасы жұмылдырылды. Өрт сағат 14.29-да сөндірілді.


Өзгелердің жаңалығы