Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бас қаласында тазы мен төбет орталығы ашылады. Бұл туралы «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов мәлім етті
inform.kz сайтының мәліметіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда тазының таза түрі аз.
Көбісінің басқа тұқыммен байланысы бар. 1958 жылы елімізде тазы ғылыми түрде зерттеліп, оның стандарты бекітілді. Қазір сол стандартқа сай еліміз бойынша тазыларды тіркеп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 500-дей тіркелген тазы бар. Онда тазының атауы, қай жерден және жас мөлшері секілді барлық мәліметтер көрсетілген. Ал төбеттер аз, себебі ол басқа ит түрімен будандастырылып өзіндік қасиетін жоғалтып алды. Негізі біздің төбет әлемдегі салмағы 100 келіден асатын ірі 10 иттің қатарына енеді, - деді О. Әбдікәрімов.
Оның айтуынша, елімізде тазы мен төбеттің санын көбейтіп қана қоймай, оның тұқымдық тазалығын сақтау керек.
Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктермен бірлесіп елордадағы қазақ агротехникалық университетінің жанынан тазы мен төбен орталығын ашуды жоспарлаудамыз. Қаржы уақытында бөлінсе, орталықты келесі жылы ашатын боламыз. Жалпы біз тазыны иттің басқа түрімен будандастырып араластырмай, таза ұстауды үйренуіміз керек, - дейді ол.