Елордада «Сайра, бұлбұл» онлайн концерті өтті

24 Ақпан 2021, 21:07
2262
Бөлісу:
Елордада «Сайра, бұлбұл» онлайн концерті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда төрінде қала әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы «Халық ән» бөлімінің орындауында әнші, композитор, актер, Қазақстанның халық әртісі – Манарбек Ержановтың 120 жылдығына арналған «Сайра, бұлбұл» атты онлайн концерті өтті. 

Қазақ музыка мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі, халық өнерінің қайнар бұлағынан сусындаған Манарбек Ержанов – қазақ даласын ән-жырға бөлеп өткен Біржан сал, Ақан сері, Шашубай, Әміре секілді ақиық әнші-композиторлардың дәстүрін жалғастырушы, олардың әндерін шебер орындаушылардың бірі.  

Манарбек Ержановты әншілік өнерге баулып, ағалық ақыл-өсиетін айтқан атақты халық әншісі Шашубай Қошқарбайұлы еді. Әнші Әміре Қашаубаевтан көптеген халық әндерін үйреніп, сонымен бірге аға әншінің орындаушылық шеберлігінен үлгі-өнеге алды. 

Әміре әншінің талантын жоғары бағалады. «Ағаш аяқ», «Смет», «Топай көк», «Қалқа» сияқты халық әндерімен қатар Біржан салдың «Жанботасын», Ақан серінің «Балқадишасын», «Толыбайын», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын», Естайдың «Қорланын» Әміренің өз аузынан үйренгенін, оны ұстаз тұтатынын Манарбек Ержанов өз әңгімесінде үлкен толғаныспен айтатын еді. Халық өнерінің майталманы саналған өнер иесі – Манарбек Ержановтың мерейтойына арналған ән кеші жоғары деңгейде өтті, - делінген таратылған ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы