Елордада республика күніне орай халықаралық конференция болып өтті

19 Қазан 2022, 15:52
1906
Бөлісу:
Елордада республика күніне орай халықаралық конференция болып өтті

Бүгін Достық үйінде 25 қазан - Республика күніне орай халықаралық ғылыми – практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, елордалық этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, жастар қанатының өкілдері қатысты.

Еліміз үшін 25 қазан күні – аса маңызды даталардың бірі. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын.   

 Аталған декларацияның қабылдануы өз кезегінде еліміз үшін оң өзгерістерге әкелді.  Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Жалпы мұның бәрі кешегі өтпелі қиындықтарға мойымай, ауызбіршілік пен татулықты сақтап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген халқымыздың ерен еңбегінің жемісі. Жылдың басы қиыншылықпен басталса да өздеріңіз көріп отырғандай бүгінде қазақ елінің түкпір-түкпірінде Республика күніне орай түрлі шаралар бастау алды. Ал бүгін мемлекеттік мереке Елордамыз Астанадан басталып, барлық өңірлерде шарықтау салтанатын құрып, елдің рухын көтеріп жатыр,- деді конференцияны ашқан Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Әбутәліпұлы. 

Конференцияға қатысушылар Республика күнінің тарихына тоқталып, қайта жаңғырудағы маңыздылығын айтты. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан мен ұлтаралық мәселелер талқыланды.

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Қазақстан демократиялық жолмен дамып келе жатқан зайырлы мемлекет. Сол мемлекеттің бірлігін сақтау әр қазақстандықтың міндеті. Оның ішінде әсіресе басқа ұлт өкілдері біздің қағиданы, біздің туды, біздің тілді құрметтеу керек,- деді профессор Задаш Дүкенбаева.

Конференцияға тек Қазақстандық ғалымдар ғана емес, шетелдегі профессорлар да онлайн байланысқа шығып баяндама жасады.

Өзгелердің жаңалығы