Елордада Қытай модернизациясын зерттейтін орталық ашылды

6 Қараша 2023, 13:37
827
Бөлісу:
Елордада Қытай модернизациясын зерттейтін орталық ашылды
Фото: автордан

Елордада Қытай модернизациясын зерттеудің қазақстандық орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай қазақ-қытай қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басып отыр. Осы ретте екі ел арасында бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалар жетерлік.

Бүгін Назарбаев университетінде Қытай модернизациясын зерттеудің қазақстандық орталығы ресми түрде ашылды.

Елордада Қытай модернизациясын зерттейтін орталық ашылды

ҚКП ОК насихаттау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ган Ван орталықтың ашылуында модернизацияның мәнін түсіндірді.

Модернизация - ол әр мемлекетті дамытудың негізгі бағыты мен мақсаты. Әсіресе қытай халқы үшін маңызды. Біз қазір әр ел бұл ұғымға әртүрлі көзқараста екенін көріп отырмыз. Модернизацияға әр ел өзінің мәдениетін, тарихын, өз халқына сай келетін ерекшеліктерін енгізеді. Қытай модернизациясы ол ұлттың ұстанымын жүзеге асыруға бағытталған. Қазақстан қоғамы да қазақ халқы үшін өз модернизациясын жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан мен Қытай дамып жатқан мемлекеттер. Біз қазір дамудың бір кезеңіндеміз, - деді Ган Ван.

Ол Қазақстан мен Қытай бір-бірінен үйреніп, қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қытай делегациясының басшысы орталық екі елдің құзырлы органдары мен серіктестерінің бірлескен күш-жігері арқылы сараптамалық орталықтары арасында ғылыми алмасулар жүргізу, даму тәжірибесімен алмасу, өркениеттер арасындағы өзара білім алуға жәрдемдесу үшін тиімді платформа жасайды деп күтіліп отырғанын айтты. Онымен қоса, Қытай мен Қазақстанның, тіпті аймақтағы елдердің дамуы мен сапалы бірлескен құрылысына ықпал етуді көздейді. «Бір белдеу, бір жол» қуатты интеллектуалдық қолдау көрсетеді.

Елордада Қытай модернизациясын зерттейтін орталық ашылды

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда екі ел көшбасшысының қолдауымен екіжақты және көпжақты форматта экономика, БАҚ, мәдениет, білім беру және басқа да салаларда ынтымақтастығымыз белсенді дамып, ортақ жобалар іске асырылып жатыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық шеңберінде халықаралық шарттардың едәуір санына қол қойылды, түрлі іс-шаралар бойынша өзара сапарлар жүзеге асырылды. Қазақстан достық, мейірімділік және одақтас рухында қарым-қатынасты жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік, - деді вице-министр орталықтың ашылуында.

Ысқақов «Бір белдеу, бір жолдың» үшінші форумында Мемлекет басшысы бастаманың маңызы жоғары екенін атап өткенін жеткізді.

Қытай модернизациясын зерттеудің қазақстандық орталығы екіжақты кооперацияға әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаға тиімді әсер етеді деп ойлаймыз. Орталық тек жаңа Қытай, оның даму жолы жайлы ғана айтып қоймай, сонымен бірге Қытайдағы достарымызға Қазақстанның реформасы, еліміздің жетістігі жөнінде айтады. Орталық екіжақты серіктестікті одан сайын нығайта түсетін кірпіш боларына сенімім мол, - деді ол.

Елордада Қытай модернизациясын зерттейтін орталық ашылды

Қазақстан Республикасындағы ҚХР елшілігінің уақытша сенімді өкілі Син Фанфан да соңғы жылдары елдеріміз арасында байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті.

Ашылып жатқан осындай аналитикалық орталықтар елдеріміздің сенімді бейнесін жеткізуде маңызды рөл атқарады. Елдеріміздің басшылығымен біз барлық деңгейде толық көлемде өзара іс қимылды, ынтымақтастықты жүзеге асыра алатынымызға сенімдімін. Қазіргі күні Қазақстан белсенді әрі жылдам түрде «Жаңа Қазақстанды» құрып келеді. Қытай да осы сияқты «Қытай модернизациясы» түсінігін ілгерілетіп жатыр, - деді ол.

Син Фанфан құрылып жатқан орталық жұмысына табыс тілеп, сөзін аяқтады.

Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнәр Шаймергенова іс-шараға қатысушылар мен бірлесіп ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

«Құрылып жатқан Қытай модернизациясының зерттеу орталығы заманауи тенденцияларына қатысты зерттеулер мен оқыту алаңын ұсына отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және тәжірибе алмасудың маңызды катализаторы болуды көздейді, - деп айтты Гүлнәр Шаймергенова.

Қазақстандағы Қытай модернизациясын зерттеу орталығы - екі ел арасындағы өзара түсіністікті тереңдету және серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам. Ол Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік белестерін кеңейтуге көмектесетін ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес, мәдени алмасу үшін түрткі болуды көздеп отыр.

Іс-шараны Еуропа мен Азияның хабар тарату орталығы (Жэньминь хуабао баспасы) және Қытайды зерттеу орталығы ұйымдастырғанын айта кетейік.

Өзгелердің жаңалығы