Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінге дейін қаладағы мұндай бастапқы орталықтар 7 мыңнан астам тұрғынға мамандандырылған көмек көрсеткен.
Бүгін «№8 қалалық емхана» МКҚК базасында психиатриялық көмек көрсететін тағы бір бастапқы орталық ашылды. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарында мұндай орталықтар ашу мамандандырылған көмек көрсетудің қолжетімділігі және оған мұқтаж адамдарға жақын болу үшін ойластырылған. Яғни, консультативті көмекке жүгіну үшін тұрғындарға қалалық психиатрия орталығына бару міндетті емес, енді пациент бұл көмекті тұрғылықты мекен жайы бойынша орналасқан емханадан ала алады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қалалық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК директоры Ольга Комарованың айтуынша, әлемді жайлаған пандемия кезінде әрбір адам өзінің психиатриялық денсаулығына айтарлықтай көңіл бөлгені маңызды.
Дүние жүзі бойынша жыл сайын 10 қазан күні психикалық денсаулық күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Жалпы, әлем халқының төрттен бірі депрессия, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы сияқты түрлі психикалық ауруларға шалдыққан. Адамның психикалық денсаулығы бұл – адам өзінің әлеуетін іске асыра алатын, стрессті жеңе алатын әл-ауқат жағдайын білдіреді. Пандемия кезінде көптеген адам қарапайым өмірлік қиындықтарға тап болды, одан шығудың жолын таба алмады. Осындай сәттерде қол ұшын созатын аталмыш орталықтардың көмегі ұшан-теңіз. Біздің негізгі мақсатымыз – қала тұрғындарына қолымыздан келген көмекті барынша көрсету. Себебі, қоғамда астегматизм мәселесі бары белгілі. Бұл дегеніміз – кейбір адамдар өздерінің қандай да бір психикалық проблемаларын айтуға жүрексінеді, психиатр, нарколог мамандарда тіркеуде тұрудан қашады да, мамандардың көмегіне уақытылы жүгінбейді. Мұндай орталықтардың ашылуы – тұрғындарға өздері үйренген емханаларда тиісті ем-дом алуға мүмкіндік береді деген ойдамыз, - деді ол.
Комарованың айтуынша, созылмалы дерті бар науқастарда гипохондриялық бұзылыстар байқалуы мүмкін. Оларда өздерін қоршаған стреске деген жедел реакция күшейеді. Мұндай сәттерде әр тұрғын осындай орталықтарға хабарласып, мамандардан кеңес ала алады.
Бүгінде психиатриялық көмек көрсететін бастапқы орталықтар қалалық №2, №6, №9, №10 емханаларда тұрғындарға тиісті қызметтерін ұсынуда. Мамандандырылған көмекті көпсалалы бригада, психиатр, психотерпавт, психолог, әлеуметтік қызметкерлер көрсетеді.
Айта кету керек, 2020 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласында ересек тұрғындар арасындағы ауыр психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына шалдыққан науқастар саны 2019 жылға қарағанда (306 жағдай) 192 жағдайға дейін төмендеген.