Елордада отырып ойнау волейболынан алғашқы турнир басталды

13 Қазан 2019, 10:52
3970
Бөлісу:
Елордада отырып ойнау волейболынан алғашқы турнир басталды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада алғаш рет отырып ойнайтын волейболдан Ұлттық Паралимпиада орталығының кубогы үшін алғашқы инклюзив турнир басталды. Турнирде әуесқой командалар, қоғамдық, мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі спортшылармен аралас команда құрып жарысады.

ҰПК атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов жарысқа келгендерге сәттілік тілеп, елдегі әрбір жанның Паралимпиадалық қозғалыстың белсендісі болғанын қалайтынын жеткізді.

"Мен осындай жиынға эмоциямен, көздегі жалынмен, шынайы ықыласпен келген қатысушыларды алғаш рет көріп тұрмын... Жақында Паралимпиадалық ойындар мен Олимпиадалық ойындардың ережесіне қатысты ерекше детальді естідім. Мүмкіндігі шектеулі спортшы Олимпиада ойынадарын қатысуға толық құқылы, ал керісінше, физикалық тұрғыдан сау адамдар Паралимпиадалық ойындарға жіберілмейді.  Міне, сіз бен біз болып бүгінде Паралимпиадалық қозғалысты алға жылжытып, дамытып келеміз. Сонымен қатар, бүгін сіз өзіңіздің нағыз паралимпиадашы ретінде сезіне аласыз. Сіз отбасыңызға, достарыңызға паралимпиадашы "вирусын" таратқаныңызды қалаймын. Себебі сонда ғана бүкіл Қазақстан Паралимпиадасын биік шыңға шығарып, мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыздың мәртебесін үстем қыламыз", - деді ҰПК атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.

Қазақстанда отырып ойнау волейболы 1987 жылдан бастап ойналып келеді.  Қазақстан құрамасы 1994 жылы Бейжіңде өткен,1998 жылы Тайландта өткен Азия ойындарының жеңімпазы болған.

2002 жылы спортшыларымыз Пусанда өткен Азия ойындарында екінші орын алды. 2009 жылы қазақстандық спортшылар жастар арасындағы әлем чемпионатында "қола" жүлдегер атанды.

"Жарыстың мақсаты - Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрін насихаттау, халыққа барынша көп ақпарат беру. Сонымен қатар, елордадағы спорт мектебімізде оқып жатқан 25-ке жуық спортшымызға қызығушылығын арттыру үшін алғаш рет аралас турнир өткізіп жатырмыз. Жалпы 12 команда қатысады. Әр командадағы 4 адам -  қалалық ұйым өкілдері, 2 адам - мүмкіндігі шектеулі спортшылар. Елорда әкімдігі, "Самұрық-Қазына", McDonald's, Tika, "Нұр Отан", қалалық полиция, e-Gov,  Ұлттық Паралимпиада комитеті, МСМ Дене шынықтыру комитеті, "Тарлан" мұз айдыны,  Qyzmet cup т.б. ұйым өкілдері жарысады", - деді ҰП жаттығу орталығының маркетологы Жұмағазы Нұрғали.

Турнир отырып ойнау волейболының халықаралық ережелеріне сәйкес өтеді.

"Спортшылардың арасында енді осы спорт түрімен айналыса бастаған жас спортшылар көп. Соларға үлкен стимул, тәжірибе болады. Спортшылар тек бір-бірімен ойнап қана қоймай, қоғам өкілдерімен бірге ойнайды. Оның үстіне дәл осы спорт түрінен Әлем чемпионаты, Азия ойындары өтеді. Сондықтан отырып ойнау волейболының спортшыларын дамытудың маңызы зор. Қазір өзіміздің Ұлттық Паралимпиада жаттығу орталығында спортшылардың дайындығы үшін жақсы жағдай жасалған", - деді Жұмағазы Нұрғали.

Дәл қазір ел құрамасы әлемнің үздік он командасының қатарында. Әлем чемпионатында құрамамыз Еуропаның мықты - Германия,  Голландия және Хорватия командаларын ұтып, 9-орын алды. 2018 жылы Индонезияда өткен Азия Параойындарында қола медаль иеленді.

Өзгелердің жаңалығы