Елордада отбасы институты мәселесі талқыланды

1 Сәуір 2022, 10:07
1978
Бөлісу:
Елордада отбасы институты мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсеткен мақсат-міндеттерге орай аталған комиссияның биылғы жұмыс жоспары талқыланып, құрамы бойынша бірқатар өзгеріс енгізілді.

Еліміздегі гендерлік теңдік, әйел­дер мен ерлер мүмкіндіктерін теңестіру, отбасы институтын күшейту, халықтың денсаулығын нығайту сияқты өзекті мәселелерді ашық талқылауға Айгүл Мүкей, Қарлығаш Саркенова, Қарақат Әбден, Гүлхан Исабаева, Гүлмира Шрахметова, ­Сания Ирсалиева, Айнұр Жүгінісова және басқа да есімі елге танымал әйелдер қатысты.

Құзырлы комиссияның отбасы институтын күшейту мәселелері бойынша жауапты мүшесі болып тағайындалған Айнұр Жүгінісова қазіргі таңда отбасылық мәселелердің өршіп тұрғанын тілге тиек етті. «Қоғамда әйелдің атқаратын рөлі ерекше. Сол себептен мұндай мәселелерді ашып қарау керек. Қазір отбасы мәселелерімен айналысатын институттар болмағандықтан, бұл мәселе өршіп тұр. Оған ай сайын емес, жоспарлы түрде күнделікті шаралар өткізу керек, – деді Айнұр Жүгінісова.

Жиында сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов комисияның отырысы әр тоқсан сайын екі рет өтетінін айтты.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның І отырысы өтті. Жұмыс жоспары мен комиссия мүшелерін бекіттік. Осы құраммен жыл соңына дейін әртүрлі іс-шараларды іске асырамыз. Алдағы уақытта комиссия отырысы бір тоқсанда екі рет өтеді. Негізгі басымдық әйелдер құқығы мен олардың қоғамдағы рөліне беріліп отыр. Осы мақсатта жұмыс істемекпіз, – деді Берік Жакенов.

Өзгелердің жаңалығы