Елордада «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» отырысы өтті

15 Маусым 2023, 07:45
640
Бөлісу:
Елордада «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» отырысы өтті
Фото: gov.kz

Қазақстан елордасында Саясат пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» жоғары деңгейдегі диалогының мерейтойлық 10-отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның барысында қатысушылар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі серпінді дамыту өзара мүдделерге сай келетініне келісті.

Отырысқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Түрікменстан Астанадағы елшісі деңгейінде қатысты. ЕО делегациясына Еуропалық сыртқы істер қызметі Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Энрике Мора басшылық етті.

Орталық Азияның халықаралық қатынастарда ұлғаю үстіндегі рөлі аясында шара барысында өңір елдерінің ЕО-мен бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастығын кеңейту, оның ішінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірдегі заңсыз көші-қон мен діни экстремизмге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар Ауғанстандағы ахуал тұрғысында тараптардың өзара іс-қимылдары және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Тараптар ү.ж. 2 маусымда Шолпан-Ата қаласындағы Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуі мен Алматы қаласындағы «ЕО-Орталық Азия» экономикалық форумының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды және басқа іс-шараларды талқылады.

Қазақстан, Орталық Азия, тұтастай алғанда, Еуропалық одақ қарым-қатынастардың сапалы жаңа кезеңінің қарсаңында тұр. Жақын арада біздің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы, көлік және логистика салаларындағы, қауіпсіздік саласындағы жалпы сын-қатерлерге қарсы тұру ісіндегі өңіраралық ынтымақтастығымыз одан да нығая түсетініне, ал саяси диалогымыз кеңейіп, тереңдей түсетініне сенімдіміз, – деп атап өтті отырысты ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Өз кезегінде, еуропалық делегация басшысы: «ЕО Орталық Азияның сенімді серіктесі болып қала береді», – деп сендірді.

Сонымен қатар Р. Василенко өңірлер арасындағы, оның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы шеңберіндегі өзара іс-қимылдың соңғы уақытта айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Еуроодақтың ОА елдеріне инвестициясы шамамен 105 млрд еуроны құрады, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕО мен ОА арасындағы тауар айналымы 61%-ға ұлғайып, 49 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде ҚР-ЕО тауар айналымы 40 млрд АҚШ долларына дейін жетті.

Бұған қосымша ол Орталық Азия елдері мен ЕО арасындағы инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған бірқатар нақты бастамаларды айта отырып, Қазақстанның өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша жүргізудегі жұмыстары туралы хабарлады. Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының ішінде сирек кездесетін металдар, цифрландыру, экология және «жасыл» ауысу – экологиялық таза салаларды дамыту айрықша атап өтілді.

Р. Василенко көлік-логистика саласына тоқтала отырып, Орталық Азия мен ЕО арасындағы тұрақты көлік байланысы бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) жақында ұсынған зерттеуінің негізгі тұжырымдарын құптады. Ол қатысушыларды Қазақстанның оңтүстігіне жапсарлас Орталық Азия өңірінің ірі қалалары мен өндірістік орталықтарын қамтитын Азиядан Еуропаға өтетін «Орталық Транскаспий көлік желісі» атты дәліздің әлеуетін бірлесіп және толық жүзеге асыруға шақырды.

Дипломаттың айтуынша, инфрақұрылымды дамыту, көлік стандарттарын үйлестіру және осы саладағы кедергілерді жою экономикалық жағынан тиімді ғана емес, сонымен қатар өңір елдері мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың тұтас спектрі бойынша саяси өзара түсіністікті нығайта алады.

Ауғанстандағы жағдайға қатысты тараптар Орталық Азия мемлекеттері мен ЕО-ның Арнайы өкілдерінің Ашғабаттағы кездесуінің және осы тақырыпта Дохада өткен БҰҰ конференциясының қорытындыларын талқылады.

Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға және Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті, бұл осы елдегі гуманитарлық жағдайдың жақсаруына оң әсер етеді, – деп атап өтті Р. Василенко.

 Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында ЕО қаржыландыратын және БҰҰ әкімшілік ететін ауған әйелдерін оқыту бағдарламасын іске асыру жалғасуда.

Осы тұрғыда диалогқа қатысушылар шекара қызметтері мен құқық қорғау органдарының, оның ішінде есірткі трафигіне қарсы іс-қимыл саласындағы (LEICA, CADAP, BOMCA) әлеуетін нығайту бойынша Еуроодақ қаржыландыратын өңірлік жәрдемдесудің көпжылдық бағдарламаларын одан әрі тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Өткен іс-шара оның қатысушыларына «сағаттарды теңестіруге» және биылғы жылғы күзге жоспарланған ОА-ЕО министрлік кездесуі мен 2024 жылғы ОА-ЕО толыққанды саммиті қарсаңында ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Өзгелердің жаңалығы