Елордада нейрохирург-дәрігерлер 16 жастағы қыздың миына күрделі ота жасады

16 Маусым 2022, 09:02
1931
Бөлісу:
Елордада нейрохирург-дәрігерлер 16 жастағы қыздың миына күрделі ота жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері Қызылорда облысынан келген 16 жасар қыз баланың миына күрделі ота жасап, талма сырқатынан құтқарды.

Бұл ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалды, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Анасының айтуынша, 16 жасар Қарақат жеті жыл бойы талмасы ұстап, ауырып қала беретін. Алғаш рет 9 жасында болған. Ұстамалары тоникалық-клоникалық сипатта, сол қолынан басталып, көзін жұмып, басын оңға қарай 2 минутқа дейін бұрып қалатын, осылай аптасына 1-2 рет қайталанатын. 

Біз Қызылорда қаласындағы дәрігерлердің бақылауында болдық, құрысуға қарсы препараттар қабылдадық, бірақ уақыт өте келе бұл препараттар әсер етпей қалды, талмасы жиі ұстап қалатын болды. Баламыздың бұл аурудан айығуына қалай көмектесерімізді білмедік. Алматы қаласындағы эпилептологтардың да қабылдауында болдық, бірақ онда бізге операция көмектеспейтінін айтты. Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының бар екенін естімеген едік. Бірде Қарақат жаңалықтардан эпилепсиямен ауыратын қызға ота жасалғаны туралы сюжет көріпті. Содан осы Орталық пен дәрігерлер туралы ақпарат жинай бастады. Осы Орталықта оған сөзсіз көмектесетініне сенімді болды. Өзін елордаға осы Орталыққа апаруымды, ең болмаса мамандардан кеңес алуға тырысуымды өтінді, - деп пациент жайымен бөлісті  оның анасы Айгүл.

Невролог-эпилептолог Гаухар Сұлтанханқызы Ибатоваға консультация алуға келгенде, ми жұмысын тексеретін жоғарыөрісті 3-Тесла МРТ және ЭЭГ-мониторингі негізінде қыз балада  мидың оң жақ төбе бөлігінде эпилептикалық ұстамалар ошағына айналған түзінді ісік бар екені анықталады.

Біз пациентке нейронавигация мен мидың «қабығы» тікелей жазылған электрокортикографияны қолдана отырып, микрохирургиялық ота жасап, миының оң жақ төбе бөлігіндегі түзінді ісікті алып тастадық. Науқас үшін неврологиялық жағынан жеткіліксіздік болмайтындай эпилептогендік ошаққа резекция жүргізілді. Осы ота пациент жағдайын жақсартып, оның өмір сүру қалпын өзгертуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз, - деп өз ойымен бөлісті Ұлттық нейрохирургия орталығының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің невролог-эпилептолог дәрігері, профессор Гаухар Сұлтанханқызы Ибатова.

Ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалды. Және ота сәтті өтті. Ота ҰҒА академигі, профессор Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың басшылығымен, балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирург-дәрігерлері Саягүл Мәделханқызы Әбдікәрімова мен Дмитрий Андреевич Сурдиннің қатысуымен жасалды.

Сондай-ақ, ота кезінде құрамында тәжірибелі анестезиолог және нейрофизиолог дәрігерлер бар мультидисциплинарлық команда жұмыс істеді. Науқас оянғанда, когнитивтік белсенділікке зиян келмегеніне көз жетті, пациент палатаға ауыстырылды. Ең бастысы, ота жасалған күннен бастап, енді пациентте эпилептикалық ұстамалар болмайды.

Хирургияға дейінгі диагностиканың негізгі алгоритмі – эпилептологиялық режимдегі ми жұмысын тексеретін жоғарыөрісті 3-Тесла МРТ, сондай-ақ ұстамаларды міндетті түрде тіркей отырып, электроэнцефалограмманың (ЭЭГ-мониторинг) ұзақ уақыт жазылуы. Сондай-ақ, науқастың жалпы соматикалық жағдайын бағалаймыз, науқастың отаны қаншалықты көтере алатындығын анықтаймыз, - деп түсіндірді Гаухар Сұлтанханқызы.

Гаухар Сұлтанханқызының айтуынша, мұндай оталар жасалуы үшін дұрыс диагностика мен жақсы дайындық, жоғарытехнологиялық құрал-жабдықтар және нейрохирургтардың тәжірибесі қажет. Сондай-ақ, эпилептолог-невропатолог барлық эпилепсиялық ұстамалардың ішінде фармрезистентті түрлері (дәрі-дәрмекпен емдеуге келмейтін) 30% екенін атап өтті. Осындай жағдайлардың 10-20%-ында ота жасалады. Ота эпилепсияға қарсы препараттар көмектеспейтін немесе жанама әсер ететін адамдарға жасалады. Хирургиялық ота жасалғаннан кейін ұстамалары тоқтайды. Ұстамаларды тоқтататын мұндай оталардың нәтижелігі 70-80%-ды құрайды. Науқасқа жасалған отадан кейін дәрігерлер құрысуға қарсы препараттар қабылдауды тоқтатпас бұрын пациентті біраз уақыт бақылайды.

Қызыма өте күрделі ота жасалды. Отадан кейін бірде бір рет талмасы ұстамады, балаңның сауыққанын көрген қандай бақыт екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қарақатымның сенімі мен үміті ақталғанына өте қуаныштымын. Мұндағы дәрігерлердің бәрі мықты. Нейрохирургия орталығының қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. МӘМС жүйесінің арқасында біз өз кезегімізді ұзақ күткен жоқпыз және де осындай қымбат отаны бізге ақысыз жасады. Заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың арқасында күрделі ота сәтті өтті және талма сырқатынан құтқарды, - деп алғысын жаудырды 16 жасар қыз баланың анасы.

Өзгелердің жаңалығы