Елордада меценаттар мен филантроптар марапатталды

21 Қазан 2022, 15:21
1419
Бөлісу:
Елордада меценаттар мен филантроптар марапатталды
Фото: автордан

Елордада қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан қайырымдылық жасаушыларды табу және ынталандыру, оларға қоғамның назарын аудару мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018 жылы «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған болатын. Биыл Қазақстанның 17 облысынан 50 адам бұл марапатқа лайық деп танылды.

Қайырымдылық – азаматтық қоғамның жетілуінің белгісі. Елімізде қайырымдылық ұйымдарымен қатар, ізгі іспен айналысуды өмірінің мәні деп санайтын жандар да жетерлік. Меценаттар аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға, мүгедектерге, балалар үйлеріне кешенді қайырымдылық көмек көрсетуде. Тек биылғы жылдың өзінде сіздердің бастамаларыңызбен елімізде көмекке мұқтаж азаматтар мен туған өлкені дамытуға 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл үлкен жетістік, - деді вице-министр Данияр Қадыров.

Жеңімпаздардың бәрі өз ауылын, қаласын дамытуға зор үлес қосып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген жандар.

Бүгінгі марапаттау рәсіміне Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан келіп тұрмын. 2018 жылы «Жомарт жүрек» сыйлығын «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша иеленсем, биыл «Туған өлке» номинациясы бойынша марапатталып отырмын. Әрине, туған жер кім-кімге де ыстық. Әр адамның туған еліне көмектесуі азаматтық борышы деп ойлаймын. Менде өз ауылыма спорт алыңын салып, балалар ойын алаңдары, емханалар салып, жағдайы төмен отбасыларға көмектесімен айналысамын,- деді марапат иесі Абзал Мәсиуллаұлы.

Конкурс жеңімпаздары – онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Тұған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номинация бойынша анықталды. Барлық лауреаттарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы