Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы» байқауына құжаттар қабылдау жүріп жатыр. Ал осыған дейін байқауда жеңімпаз атанған отбасылар елорда тұрғындарын конкурсқа қатысуға шақырды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Біз «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 2021 жылы қатыстық. Нұр-Сұлтан қаласының іріктеуінен өттік. Елорда бойынша 1-орын алдық. Бұл конкурсқа қатысудағы мақсатымыз өзімізге өзіміз есеп беру үшін дер едім. Неше жылдан бері балаларымызға беріп жатқан тәрбиеміз, өмір жолымыздағы ұстанымдарымыз, жетістіктеріміз бар. Бұл конкурс бағымызды, бабымызды сынап көретін бір белес болды деп санаймын, - дейді Алма Сайлауқызы.
Ал отбасының отағасы Сұңғат Самарбаев «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығына тоқталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, әр отбасының ел дамуындағы маңызын көрсету. Отан отбасынан басталады дегендей, әрбір отбасы елімізде үлгілі бола алады. Осы мақсатта байқауға қатысып, бақ сынауға шақырамын, - деді Сұңғат Самарбаев.