Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы карантиндік шараларға байланысты шектеулерді ескере отырып, елорда тұрғындарына медициналық қызметтерді қашықтан қалай алу керектігін түсіндіріп берді.
Салалық мамандардың кеңестері, телемедицина арқылы консультациялар, сондай-ақ, рентген түсірімдерін қайта оқу, электрокардиограмма таңбаларын түсіндіру қызметтері енді қашықтан қабылдау кезінде де қолжетімді.
Бұрын қашықтан кеңес беру созылмалы аурулары бар науқастарды (учаскелік жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр) динамикалық бақылау кезінде қолданылды. Қашықтан медициналық қызмет көрсетудің ерекшеліктері 2020 жылғы 17 шілдеден бастап күшіне енген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте (129-бап) айқындалған.
Заманауи технологиялар мен түрлі байланыс арналарының арқасында медициналық ұйымдар пациенттерге қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр. Алдағы уақытта қашықтан көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтіледі.
Дәрігердің онлайн-кеңесін қалай алуға болады?
1. Өз емханаңыздың Call-орталығы арқылы немесе басқа байланыс арналары, мобильді қосымшалар (бар болса) арқылы дәрігердің кеңесіне жазылу керек.
2. Кеңес беру күні мен уақытын таңдау керек. Сонымен қатар, салалық маманның қабылдауына жазылу үшін алдымен учаскелік дәрігерден жолдама алу керек, яғни ең алдымен терапевтке/ЖПД-ға қабылдау үшін өтініш беру керек.
3. Таңдалған байланыс арнасы арқылы маманнан белгіленген уақытта қоңырау (аудио немесе видео) күтіңіз.
Бұл ретте "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ екенін айтады.
Дәрігер кеңесі науқас қай жерде болмасын, қашықтықтан қолжетімді. Сонымен қатар дәрігер дәрі-дәрмектерге рецепт жазып бере алады. Сырқаттама парақшаларын, зертханалық зерттеулердің, тексерулердің нәтижелерін де көруге болады. Сырқаттар мен жарақаттарды диагностикалау, емдеу, медициналық оңалту және алдын-алу үшін, зерттеулер мен бағалау үшін медициналық қызметтер сандық технологиялар арқылы қашықтықтан ұсынылады. Яғни, осы қызметтерді алу үшін емханаға келудің қажеті жоқ, – дейді ол.
Учаскелік дәрігердің қашықтықтан кеңес беруі алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін медициналық ұйымдардың (емханалардың) жан басына шаққандағы норматив төлемі шеңберінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілен көлемі (ТМККК) тізбесіне, ал салалық мамандардың консультациялары – нақты көрсетілген қызметтері (ТМККК бойынша қызмет көрсетілетін созылмалы, әлеуметтік мәні бар және инфекциялық аурулардан басқа) МӘМС пакетіне кіреді.