Елордада Мажарстан ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды

2 Қараша 2023, 22:50
803
Бөлісу:
Елордада Мажарстан ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды
Фото: скрин

Астанада мажардың ұлы ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл мажар халқының көрнекті өкілі Шандор Петөфидің туғанына 200 жыл толып отыр. Осыған орай бауырлас елдің ұлы қайраткерінің есімі Есілдің сол жағалауындағы көшелердің біріне берілді.

Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарын жалғайтын бұл көше бұрын шартты түрде Е108 деп аталатын. Бүгін оған салтанатты түрде мажар ақыны Шандор Петөфидің есімі берілді.

Шараға Қазақстан мен Мажарстанның Сыртқы істер министрлері, депутаттар мен қоғам белсенділері қатысты. Тараптар бұл екі ел арасындағы дипломатиялық, әсіресе, мәдени байланыстарды арттыратынын айтты. Астанада тұрып жатқан Мажарстан азаматтары да ұлы ақындарының есімі бауырлас елде ұлықталғанына дән риза.

Бұған дейін Венгрия Астанасы Будапештте Астана деген көше ашылып, Абайдың ескерткіші орнатылған болатын.

Бұл көшені неге таңдадық? Нұра ауданы әкімдігінің жанында орналасқан. Екінші бетінде татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың да есімін берген болатынбыз былтыр. Яғни, екі бауырлас халықтың ақындарының есімдері қатар орналасуының да символдық мазмұны жағынан сәйкес келеді ғой деп ойлаймыз, - деді Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Шандор Петөфи венгр тарихы мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан әйгілі революционер ақын. Ол 1848-1849 жылдары елдің тәуелсіздігі үшін күрескен көшбасшылардың бірі. 1000-ға жуық өлең жазды. Енді Есілдің сол жағалауындағы мына көше оның есімімен аталады. Ұзындығы 650 метр.

Өзгелердің жаңалығы