Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері түнгі уақытта Герцен көшесінде 36 жастағы жүргізуші мінген «Ниссан Максима» автокөлігін тоқтатқан.
Полицейлер тексеру кезінде ер адамнан алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқаған. Сонымен қатар құжаттарды тексеру кезінде 2020 жылдың ақпан айында сот шешімімен жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды, - делінген хабарламада.
Осы факті бойынша бұрын бірнеше рет сотталған тәртіп бұзушы полицияға жеткізілді. Аталған жүргізуші медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес «жеңіл дәрежедегі» масаң күйде болған.
Ұсталған жүргізуші Нұр-Сұлтан полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.