Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың Полиция департаменті өткен жылдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Полицейлердің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы қолданылған шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 30%-ға азайды. Ұрлық 54%-ға, тонау 56%-ға азайды.
Қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде жасалатын қылмыс және кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны едәуір азайды. Қылмыстың барлық түрі бойынша істі ашу жақсарды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының саны 17,2%-ға, оларда зардап шеккендер 24,9%-ға, қаза болғандар 13,9%-ға азайды. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1000-ға жуық жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.
Өткен жылы есірткі қылмысының 903 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 264 кг есірткі заты тәркіленді. Жоғары қоғамдық қауіпті ескере отырып, есірткінің таралу арналарын және синтетикалық есірткілерді дайындау жөніндегі жасырын есірткі зертханаларының қызметін анықтауға және жолын кесуге баса назар аударылады. Полицияға қала тұрғындары белсенді түрде көмектесуде. Олардың қырағылығының арқасында бас-аяғы 109 жарнамалық сайт бұғатталған.
Пандемия жағдайында Нұр-Сұлтан полицейлері карантиндік шараларды сақтау бойынша үлкен жұмыс жүргізді, ол бүгінге дейін жалғасуда. 2020 жылы мониторингтік мобильдік топтар санитарлық нормалардың екі жарым мыңнан астам бұзылуын анықтады.
Полиция жұмысы құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың сенім деңгейін арттыруға бағытталатын болады, - деп мәлім етті елордалық полиция департаментінің бастығы генерал-майор Ержан Сәденов.
Елорданың бас полицейі 2021 жыл «құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Сондықтан елордалық тәртіп сақшыларының жұмысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге баса назар аудара отырып, «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатына негізделетін болады.