Елордада күніне 8 мыңдай адам КВИ-ге қарсы екпе алады

4 Шілде 2021, 15:45
2813
Бөлісу:
Елордада күніне 8 мыңдай адам КВИ-ге қарсы екпе алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада вакцина алатындар саны 5 есе өсті. СОО-да және сауда үйлерінде орналасқан егу пунктерінде вакцина алғысы келетіндер кезекке тұрып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мәселен, «Әбу Даби Плаза» СОО-да орналасқан егу пунктінде 30 медицина қызметкері жұмыс істейді. Тек осы пункте күніне 350-ден астам адам вакцина алады. 

Біз вакциналардың үш түрімен жұмыс істейміз. Егу пунктерінің бірінде қандай да бір вакцина тапшы болса, препарат Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасынан бір сағат ішінде дереу әкелінеді. Біз қанша вакцина қалғанын қадағалап отырамыз, күн сайын, кейде күніне екі рет бұл қорлар толықтырылады. 9 емхана сәуір айынан бастап «Абу Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталығындағы вакцинация пунктінде жұмысын бастады. Бүгінге дейін тек осы жерде 10 мыңға жуық азамат коронавирусқа қарсы екпе алды, - деді №9 қалалық емхана директорының орынбасары Дана Әбілғазина.

Қала тұрғындары вакцинация мәселесінде белсенді азаматтық ұстаным танытып, өзгелерді де иммундаудан өтуге шақырып жатыр. 

Бүгін мен өзімнің және жақындарымның денсаулығы үшін вакцина алуға келдім, осылайша мен әріптестерімді де қауіпті вирус жұқтырудан қорғай аламын, - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әлішер Тасболова.

Елордалық Динара Жұмағазина сауда орталығына өзінің жұмыстарымен келген. Алайда егу пунктін көріп, вакцинациядан өту туралы шешім қабылдапты.

Сауда орталығына басқа жұмыстармен келген едім, бірақ вакцинация пункті бар екенін естіп, екпе алу туралы шешім қабылдадым. Мұнда бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Азаматтарымыздың денсаулығы мен болашағы үшін вакцинациядан өту маңызды деп санаймын, - дейді ол.

Айта кетейік, осы жылдың 4 шілдесіндегі жағдай бойынша елордада КВИ вакцинасының бірінші компонентін 248 мыңнан астам адам алды, ал 157 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті.


Өзгелердің жаңалығы