Елордада күн сайын 800 тонна қалдық шығарылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Clean City NC» ЖШС-нің Өндіріс бойынша басқарма басшысы Айбек Тұрсынбеков Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, компания Астана қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және оларды шығару саласындағы көшбасшылардың бірі.
Қазіргі уақытта мекемеде 100-ге жуық арнайы техника, 16 мыңнан астам контейнер бар. Оның ішінде 4 мыңнан астам сары контейнер, қалғандары жасыл және металл. Күн сайын шамамен 750-800 тонна қалдық шығарады.
Экологиялық кодексінің 321-бабына сәйкес, 2018 жылдан бастап Астанада «құрғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) және «дымқыл» (тамақ қалдықтары) екі фракция бойынша қалдықтарды бөлек жинау енгізілді. «Құрғақ» фракцияны жинау үшін пластикалық сары контейнерлер, ал «дымқыл» фракция үшін пластикалық жасыл және мырышталған металл контейнерлер қолданылады. Қоқыстарды сұрыптап салу қоқыс өңдеу зауытына қалдықтарды тиімдірек өңдеуге және қайта өңдеу деңгейін арттыруға көмектеседі, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол сары контейнерлерден ақ түсті қоқыс тасушы, ал жасыл және металл контейнерлерден қызғылт сары қоқыс тасушы шығаратынын нақтылады.
Белгілі болғандай, мекеме жұмыс барысында бірнеше кедергіге тап болып отыр. Соның бірі – контейнерлерді өртеу. Бұл арнайы техникаларға зиян келтіріп қана қоймай, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін қолайсыз жағдай.
Тағы бір күрделі мәселе – кейбір жүргізуші жеке автокөлік құралдарын контейнер алаңының алдына қояды. Бұл да жұмысқа қолайсыздық туғызады және контейнерлерге кіруді қиындатады. Кейбір адам қатты тұрмыстық қалдыққа жатпайтын құрылыс және басқа қалдықтарды контейнерлерге тастайды. Бұл контейнерлер мен арнайы техникалардың бұзылуына әкеп соғады, - деді Айбек Тұрсынбеков.