Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның комплаенс-офицерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу үшін бірігеді, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Комплаенс бақылау түсінігі Еуропа елдерінде кең дамыған. Шетелдік компаниялар үшін комплаенс - бұл компанияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін бағалайтын өлшемдер жиынтығы. Елдегі осы институттың дамуы бойынша елдік тәуекелдер бағаланады. Комплаенс қызметі корпоративтік сектор арасында парасатты ортаны қалыптастырудағы маңызды құрал болып табылады. Ортақ бизнесті жүргізу үшін серіктестікті таңдау кезінде халықаралық бизнес ортада жалпы қабылданған құндылықтарды ұстанатындармен ынтымақтастыққа басымдық беріледі.
"Отандық кәсіпорындардың әлемдік нарыққа шығуы және шетелдік компаниялардың келісім-шарт жасасуға мүдделілігі олардың компанияға, атап айтқанда, елге деген сеніміне тікелей байланысты. Яғни, компанияда дұрыс құрылған комплаенс бақылау бизнес құрудағы саналы шешімді көрсетеді. Оның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың ішкі және сыртқы тәуекелдеріне қарсы тұру", - делінген таратылған ақпаратта.
Комплаенстің міндеттері - коммерциялық ұйымдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қолданыстағы заңдарды, ережелер мен стандарттарды сақтауы арқылы компаниялардың, инвесторлардың, клиенттердің, қызметкерлердің мүдделерін қорғау.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өз сөзінде комплаенстің ең басты міндеті – өңірлердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу екенін атап өтті.
Жұмысқа қабылдау, корпоративтік секторда сатып алуды жүргізу барысында әділдікті, ашықтықты қамтамасыз етуді бақылау елдегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың ажырамас бөлігі.
"Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде олардың қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау мүмкіндігімен байланысты барлық тәуекелдерін алып тастау – комплаенс-офицерлердің жауапкершілік аймағына міндетті түрде кіруі керек.
Жыл сайын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлеріне қатысты жүздеген сыбайлас жемқорлық қылмыстар тіркеледі. Тек соңғы бес жылда мұндай құқық бұзушылықтан келген шығын 16 млрд теңгені құрады, 660 қылмыс тіркелді, 337 тұлға қылмыстық іске тартылды, 175 сотталды", - делінген таратылған ақпаратта.
Агенттік осыны ескере отырып, квазигоссектордағы сыбайлас жемқорлықты анықтау бойынша жұмысты күшейтті.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою мәселелерін реттейтін компанияларда парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты комплаенс-офицерлер институтын енгізу жаңашыл бастаманың бірі.
Агенттіктің бастамасы бойынша заңнамаға Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті түзетулерді енгізуге мемлекет басшысы мен барлық мемлекеттік органдар қолдау көрсетті.
"Форумды өткізу парасатты бизнесті қалыптастырудағы кезекті қадам болып табылады. Форумда комплаенс-офицерлерді біріктіру мақсатында ақпарат алмасу үшін "whatsapp чат" құру, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке модератор болу ұсынылды. Форум делегаттары корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ортаны қалыптастыру бойынша "Антикордың" күш-жігерін жоғары бағалады", - делінген таратылған ақпаратта.
Енді, Қазақстанда комплаенс-офицерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп бизнес жүргізудің этикалық стандарттарын, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және бизнес ортада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жұмыс істейтін болады.
Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға адал қатысуы қабылданатын шаралардың табыстылығын айқындайды.
Іс-шара соңында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда және оған қарсы іс-қимылда комплаенс-офицердің рөлін күшейту бойынша ұсыныстар әзірленді.