Елордада көлемі 20 гектар саябақ салынады

8 Шілде 2022, 16:52
1571
Бөлісу:
Елордада көлемі 20 гектар саябақ салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында BAQ.KZ ақпарат агенттігі журналисінің сұрағына жауап беру барысында айтты. 

Кіші Талдыкөлдің орнында көлемі 20 гектар эко-саябақ салынады. Бұл шешім қабылданды. Күзде жасыл желектерді егіп бастаймыз. Суды жеткізу бойынша екі көлді қосатын боламыз. Ол жерге суды жалғастыру керек, өйткені су келмей тұр, - деді әкім. 

Сондай-ақ Алтай Көлгінов Талдыкөлдегі судың неліктен азайып жатқанын түсіндірді.    

Кіші Талдыкөлді толыққанды көл деп айтуға болмайды, ол кәріз желілерінен келген судың жинағы. Қазір су азайып бара жатыр. Бір бөлігінде мүлдем қалмады. Себебі мамандар сол жағалаудағы құрылыс күшейген сайын көлдің астынан келетін су азайып кеткенін айтады, - деді ол. 

Сонымен қатар, әкім баспасөз конференциясында қаладағы зәулім ғимараттар, отельдер, ойын-сауық орталықтары елордаға жеткіліксіз екенін, қыста тұрғындардың баратын жері азайып қалатынын да айтты.

Біз қазір инвесторлармен туристік аудан салу бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Жеке инвестордың өзінің ұсынысы бар, қазір құрылыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта туристерге қыста баратын жабық орындар керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы