Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Азамат Байтасов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, жұмыс орындарын қысқарту бойынша 21 жұмыс берушіден өтініш келіп түскен. Бұл шамамен 1226 адам. Оларды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыру қарастырылатын болады. Ол сонымен қатар пандемия кезінде ең сұранысқа ие мамандықтар туралы айтып берді.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға сұраныс көп болды. Сонымен қатар дезинфектор, контролер кассир, мерчендайзер мен курьерге де сұраныс артқан. Пандемия кезінде 16 мың азамат жұмыспен қамтылды. Оның көбі құрылыс саласындағы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасты. Қазір де "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында осы саладағы мамандарға сұраныс бар, -деді ол.
Ол сонымен қатар жыл басынан бері елордада жұмыссыз ретінде 4782 адам тіркелгенін, оның 1671-і әлеуметтік төлем алатынын, 2223-і түрлі бағыт бойынша жұмыспен қамтылғанын, 890-ы белсенді жұмыс іздеуші екенін атап өтті.
Бұған дейін ол елордада кәсіптік курс пен бизнес үшін грант алудың жолдарымен таныстырған болатын.