Елордада JOLTAP жобасының қорытындысы шығарылды

29 Желтоқсан 2024, 08:10
332
Бөлісу:
Елордада JOLTAP жобасының қорытындысы шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

JOLTAP әлеуметтік жобасының арқасында 9 мыңнан астам Астана тұрғыны біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасты, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр және елорда әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының бірлескен бастамасы болып саналады.

Осылайша, жоба аясында 100 мыңнан астам өтініш түсті, бұл азаматтардың жобаға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.

Ақпараттық орталық қызметін атқаратын модульдік пунктерде 26 мың адам кеңес алды.
Ал бағдарлама бойынша 9 мыңнан астам адам оқытылды. Курстар цифрлық және жұмыс дағдыларының кең ауқымын қамтиды, жаңа карьералық мүмкіндіктерді ашады және қатысушыларға Астананың заманауи кәсіпорындарында жұмысқа орналасу немесе өз кәсібін ашу мүмкіндігін жасайды.

JOLTAP жобасы аясында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша әкімдікке 5 мың өтінім берілді. Бұл – жобаны жүзеге асырудың маңызды кезеңі, өйткені ол азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуға белсенді көмектеседі.

JOLTAP жобасы бойынша 3 мың адамға цифрлық көмек көрсетілді, оның ішінде электронды цифрлық қолтаңба беру, сол сияқты мектептерге, балабақшаларға және баспанаға кезекке тұруға көмектесу мәселелері қарастырылған.

Оқуды аяқтап, қажетті дағдыларды алған 5 мың қатысушы әртүрлі салаларда, оның ішінде қалалық өнеркәсіптік кәсіпорындарда, сервистік компанияларда жұмысқа орналасты, сонымен қатар кофеханалар, шеберханалар, дүкендер және фриланс жобалары сияқты жеке кәсіптерін ашты.

Айта кету керек, жобаны жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі жұмыс берушілерді білікті мамандармен байланыстыруға көмектесетін және оқыту мен қайта даярлаудың түрлі құралдарын ұсынатын Jumystap.kz платформасын ашу болды. Бұл қаланың мамандарға деген сұранысын жедел шешуді қамтамасыз ететін кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешудің маңызды элементіне айналды.

Бұл ретте JOLTAP елорда тұрғындарына 10 жұмысшы және 8 цифрлық кәсіп бойынша оқудан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Бұл – танымал мамандықтар бойынша курстар.

Жұмыс дағдылары: тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, шкаф жиһазын жасау негіздері, кассир-сатушы, аяқ киім жөндеу шебері, Kaspi сауда негіздері, электр және газбен дәнекерлеуші, май ауыстыру және дөңгелек жөндеу, бариста.

Цифрлық дағдылар: SMM, веб-сайт әзірлеуші, видео монтаж, графикалық дизайн, контентмейкер, мобилография, маркетолог, негізгі цифрлық дағдылар.

18 бен 50 жас аралығындағы тұрғындар жаңа мамандықтарды меңгере алады.

Айта кетерлігі, JOLTAP жобасы алдағы жылы азаматтарды көптеп оқыту және қолдау жұмысын жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы