Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Ізгілік шуағы» қайырымдылық акциясы басталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Балалар - біздің еліміздің болашағы. Біздің мемлекет олардың денсаулығы мен әл-ауқатына ерекше назар аударады. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылар, мемлекеттің мұқият қамқорлығында және ерекше назарында болады. Халқымыздың жақсы дәстүрі - мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау, - делінген ақпаратта.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрлановтың айтуынша кәсіподақ аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-аналарының назарынан тыс қалған балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік атаулы көмекке бағытталған жыл сайынғы қайырымдылық, тақырыптық және арнайы акцияларын өткізіп тұрады.
Халықаралық балаларды қорғау күні аясында 28 мамыр мен 13 маусым аралығында «Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы «Ізгілік шуағы» атты қайырымдылық акциясын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету және «Үміт» дағдарыс орталығы КММ медициналық-әлеуметтік мекемелерінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету мақсатында өткізеді. Соған орай елорда тұрғындары мен әріптестерді акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Біздің ұстаным: «Бірге жақсылық жасасақ!», - дейді Атақозы Нұрланов.