Елордада ірі есірткі зертханалары жойылды: 25 келі "синтетика" тәркіленді

4 Наурыз 2022, 21:25
1244
Бөлісу:
Елордада ірі есірткі зертханалары жойылды: 25 келі "синтетика" тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері  синтетикалық есірткі өндірілетін үш ірі есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды елордалық ПД баспасөз қызметі.

19 ақпанда Талапкер ауылындағы жалдамалы үйлердің бірінде есірткі зертханасын ашқан 24 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны ұсталған. Күдікті есірткіні елорда аумағында тарату үшін жасаған, концентратын шетелден алған.

Ұсталған ер адам 2021 жылдың желтоқсанынан бастап әлеуметтік желі арқылы "синтетика" жасау бойынша жұмыс істеген. Сайт әкімшісі тапсырманы онлайн беріп, тапсырма орындалғаннан кейін биткоин түрінде ақша аударып отырған. Есірткі сатушы өз өнімін интернет арқылы байланыссыз тәсілмен сатқан. 

Елордалық полицияның мәліметінше, 25 ақпанда тағы бір ірі есірткі зертханасы анықталып, жойылды.

Арнайы операцияның нәтижесінде 23 жастағы елорда тұрғыны қолға түскен. Күдікті сатуға арналған тауарларды үйінде жасаған, оған медициналық білімі бар азаматтық некедегі жұбайы көмектескен. Жұп есірткіні қаланың әр жеріне тастап отырған. 

Елорда іргесіндегі үйді тінту кезінде ұсталғандардан синтетикалық есірткі өндіруге арналған шыны лотоктар, электронды таразылар, прекурсорлар, пластик ыдыстар, гигрометр, шамдар, желдеткіш, қаптамаға арналған пластик пакеттер және басқа химиялық элементтер тәркіленді.

Ұсталғандар қала шетінен баспана жалдап, бетбелгілер қалдыру үшін көліктерді жалға алған. Күдіктілер есірткі өндіруге қажетті компоненттерді шетелден интернет арқылы алдырған. Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 25 келі, бұл шамамен 500 миллион теңгеден аса сома, 100 мың бір реттік доза, - деді елордалық ПД.

Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы