Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 шілде күні «Астана» концерт залы аймағында иесіз қалған иттер мен мысықтардың «Возьми меня домой» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді. Басталуы сағат 12.00-де, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайтында.
Шара ұйымдастырушылары – Нұр-Сұлтан қаласы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, «Астана ветсервис» КМ және жануарлардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың өкілдері.
Бұл көрме-жәрмеңке мақсаты – шарадағы ит пен мысықтарға сенімді қожайын тауып, иесіз қалған жануарлар мәселесіне азаматтар назарын аудару.
«Көрме–жәрмеңкеде сүйкімді мысықтар және ақылды иттермен жақынырақ танысып, ұнағанын өзімен алып кетуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мұнда қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша баспанада иесін күтіп отырған өзге де жануарлардың суреттері қойылады. Осылайша, шараға қатысушылар суреттегі төрт аяқты достарын Ақсүмбе орамы, 1 үйде орналасқан уақытша баспанадан алып кете алады»,-делінген хабарламада.
Қаңғыбас және қараусыз жануарларға арналған уақытша баспана 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қаладағы жануарларға арналған ең үлкен уақытша баспана осы. Бұл жерде 700-ге жуық ит, 60-тан астам мысық бар. Аталған жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өткен, мал дәрігерінің бақылауында.