Елордада Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады

6 Мамыр 2022, 14:26
2449
Бөлісу:
Елордада Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл ұлтымыздың рухани құндылығына айналған «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанның дүниеге келге­ніне - 210 жыл.

Елорда төрінде 3-4 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, белгілі әнші, жыршы, айтыстың ақтаңгері атанған Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады. Бұл туралы Музыкалық жас көрермен театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Жыршылық - синкреттік өнер! Жыршының өн бойынан әншілік, ақындық, актерлік, шешендік секілді өнерпаздың табиғатына тән небір қасиеттер жарасым тапқан. Хатимолла Бердіғалиев те бір өзі - бір кісілік театр іспеттес еліміздің өнер кеңістігіндегі біртуар тұлға. 

Елордада Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады


Екі күн бойы жыршылық өнерімен астаналық көрерменді тәнті еткен, әрі биыл мерейлі 70 жасқа толған Қазақтың Хатимолласын - Елорда әкімі Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, ризашылығын білдіріп, руханият хақында ой бөлісті. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында бір сағат жарым тоқтаусыз жыр төккен Х.Бердіғалиев, көрерменнің қолқасын қалдырмай ән-термелер де орындап берді. 

Шығармашылыққа жарты ғасыр ғұмырын арнаған Хатимолла Бердіғалиевке Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың құттықтау хатын вице-министр Н.Дауешов табыс етті. 

Елордада Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады


Эпосты сөйлетудің керемет үлгісін көрсеткен Хатимолла ағамызға әлем таныған дүлдұл әншіміз Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев бастаған аға буын ақ батасын беріп, Н.Өнербаев, М.Ильясова, С.Айтбаева бастаған өнер қайраткерлер шапан жауып, алғыс тілектерін білдірді. 

Сонау сексенінші жылдардың аяғында қазақ айтысының жарқын үлгісін жасаған Хатимолла Бердіғалиев пен Баян Өлгей аймағынан келген Егеухан Мұхамедияқызының жыр сайысы - әлі күнге ел жадында. Егеухан апамызға Хатимолла ағамыздың «Қаракер» домбырасын сыйлауы, шегара асқан киелі домбыраның араға жылдар салып қасиеті одан әрі жаңғырып атажұртқа, еліміздің рухани кеңістігіне белгілі ақын, әрі әдебиетші-ғалым, өнер қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы (Егеухан апаның ұлы) болып оралуының астарында - ұлттық тағылым мен өнеге жатыр. 

Елордада Хатимолла Бердіғалиев «Айман-Шолпан» лиро-эпостық дастанын жырлады


Егеухан апа да кешке арнайы келіп «Қаракер домбыра» туралы жазған поэма-кітабын тарту етті. 

Көрермен қатарында Хатимолла ағамыздың өнеріне бала кездерінен тәнті болған Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерінің көрнекті өкілдері Е.Жаңабергенова, А.Рахымқызы, Е.Рысқали, К.Төленбаева, А.Елшібаева, Е.Шалдыбеков, М.Салықов, Қ.Жүсіп, Ы.Сүлейменова, К.Түрікпенова және әдебиетші-ғалымдар, университет оқытушылары мен профессорлары, жырсүйер қауым да болды. 

 Х.Бердіғалиев шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Сондықтан Музыкалық жас көрермен театрының артистерімен екі күн бойы шеберлік шыңдау дәрісін өткізіп, кәсіби шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы