Елордада Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысы өтті

24 Маусым 2022, 12:40
1583
Бөлісу:
Елордада Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің  V отырысы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысы өтті.

Жиында Академия басшысы Дархан Қыдырәлі былтыр атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2022 жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.

Басқосу барысында Түркия тарапы Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесіне төрағалық міндетін Қазақстанға табыстады.

Іс-шараға алғашқы рет қатысып отырған Ғылым және жоғары білім министрі  Саясат Нұрбек Қазақстанның ғылыми кеңестің төрағалық міндетін алуына қатысты ойын білдірді.

Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік өте маңызды оқиға. Неге десеңіздер, қазіргі таңда елімізде ауқымда реформа басталып жатыр. Өздеріңізге мәлім, ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан атты үлкен стратегиялық жоспармен өзгерістерді бастады. Осы айдың басында елімізде референдум өтті. Қазір конституциямыз түбегейлі өзгерді. Біз өз еліміздің жаңа бір кезеңіне көшіп отырмыз. Сондықтан өз халқымыздың тарихы, ішкі идеологиясы және тарихымыздың жаңадан құрылып, жаңаша сөйлеуі өте маңызды,  - деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек  түркі әлемінің ынтымақтастығын күшейтетін  өзекке ие қауіпсіздік мәселелері мен  халықаралық қатынастар, әлеуметтану мәселелері қамтылуы  керек екенін атап өтті.

Елордада Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің  V отырысы өтті

Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған Түрік академиясы қазіргі таңда белсенді әрі аса нәтижелі орталыққа айналды. Бауырлас халықтардың тарихи мұрасын зерттеу және ғылым негізде біріге дамуда академия нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Кеңес дәуірінде бұрмаланып жазылған тарихымыз бүгін қайта жазылып отыр. Бұл ынтымақтастығымызды арттыратыны сөзсіз, - деді мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбеков.  

Атқарылған жұмыстарға жоғары баға берген Ғылыми кеңес мүшелері Академияның  2022 жылғы жұмыс жоспарын бекітіп, келесі отырыстың орны мен уақыты жөнінде уағдаласты.  

Қазақстанның Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек төрағалық еткен Кеңес мүшелері бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, түркі әлемінің мерейлі даталар тізімі, ортақ оқулықтар, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері, ғылыми-зерттеу жобалары талқыланып, басым бағыттары мақұлданды.

Алқалы жиынға Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев,  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасың Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона мен Түркия елшілігінің  дипломаттары қатысты.

Айта кеткен жөн, биыл Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың  125 жылдығы,  әзербайжан ағартушысы Хусейн Жавидтің 140, Әзербайжан әнұраны сөзінің авторы Ахмед Джавадтың 130 жылдығы, қырғыз мемлекет қайраткері Ишеналы Арабаев 140 жылдығы, Сүлеймен Челебидің дүниеден өткеніне 600 жыл толуы, сондай-ақ басқа да тұғырлы тұлғалар мен  маңызды оқиғаларға қатысты мерейтойлар бар.

Өзгелердің жаңалығы