Елордада газға 200 мыңға жуық тұрғын қол жеткізді

18 Шілде 2023, 11:56
575
Бөлісу:
Елордада газға 200 мыңға жуық тұрғын қол жеткізді
Фото: АҚКҚ

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациядар қызметінде өткен брифинг барысында Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласында газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген.

2021 жылы 1-ші кезеңнің құрылысы, сондай-ақ ішінара газдандырудың 2-кезеңі бойынша жұмыстар аяқталған. Ал, қалған 2 және 3-кезектері бойынша жұмыстар республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 2022-2024 жылдарға жоспарланған.

Бүгінгі таңда Көктал-1 және 2, Агроқалашық, «Железнодорожный», Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң және сол жақтары, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный тұрғын алаптарында, сондай-ақ, Потанин–Мәскеу көшесі, «Нұр-Бесік», «Ақбидай», «Қазақ ауылы» шағын аудандарында тұтынушыларды қосу толық қамтамасыз етілген. Газға 200 мыңға жуық тұрғыны бар 12 мың абонент қол жеткізді,-деді Мақсат Есмағұлов.

Сондай-ақ, газ желілеріне қосылу құнын төмендету мақсатында әкімдікпен арнайы шараларды қолға алған.

Құны 100-ден 160 мың теңгеге дейін болатын халыққа есепке алу аспаптарын тегін беру көзделген. Халық банкімен бірлесіп 18 айға дейін бөліп төлеумен 750 мың сомада халыққа пайызсыз кредит беру бағдарламасы іске қосылды.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін (жасы бойынша зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар) үйлерді газға қосу бойынша 130 АЕК немесе 448 500 теңге мөлшерінде өтемақы төленеді,-деді спикер.

Өзгелердің жаңалығы