Елордада еріктілер мен белсенділер жерасты өткелін жазу мен суреттен тазартты

3 Мамыр 2024, 01:48
531
Бөлісу:
Елордада еріктілер мен белсенділер жерасты өткелін жазу мен суреттен тазартты
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық іс-шара аясында «Тоқта, вандал!» акциясы өтті. «Астана жастары» еріктілері Жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлерімен, Байқоңыр ауданы әкімінің аппаратымен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және қоғам қайраткерлерімен бірлесіп, вандализмге қарсы акция өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Акцияға қатысушылар Республика даңғылындағы жерасты өткелінің, сондай-ақ жақын маңдағы үйлердің қабырғаларын жазулар мен суреттерден тазартты.

Жастар-ресурстық орталығының маманы Сұлтан Өмірғалиевтің айтуынша, аталған іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілді.

Біз астаналықтарды туған қаламыздыың патриоты болуға және акциямызға қолдау көрсетуге шақырамыз, — деді Сұлтан Өмірғалиев.

Акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық мүліктің бүлінуіне жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың санасы мен жауапкершілігін арттыру, вандализм мәселесіне қоғамның назарын аудару және осы құбылысқа қарсы күресте азаматтық қоғамды жандандыру.

Айта кетейік, Астанада жыл басынан бері еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіліп келеді.

Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана сындырғаны, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 100-ге жуық адам жазаланды. Олардың бәрі жауапқа тартылды.

Өзгелердің жаңалығы