Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «ESIRTKIGE JOL JOQ» жобасы іске асырылды. Шараның мақсаты - қала тұрғындарының арасында өрбіп келе жатқан есірткі жарнамасына тосқауыл қою.
Шараға Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері және «Астана жастары» ЖРО еріктілері қатысты.
Жиында Полиция департаменті және «Ренессанс» оңалту орталықтарының психологтары бірігіп жұмыс істеді.
Шара барысында еріктілер мен полиция қызметкерлері тұрғын үй кіреберістерінде, қабырғаларында жазылған есірткіге үгіттейтін жарнамаларды спрей арқылы өшірді.
Сонымен қатар елорданың оң жағалауында жастардың көп шоғырланатын орындарына барып, саламатты өмір салтын дәріптейтін 1000-ға жуық буклет таратылды.
Бүгін біз өсіп келе жатқан жас ұрпаққа нашақорлықтың соңы неге алып келетінін түсіндіргіміз келеді, - дейді еріктілер.
Бұл шарамыз арқылы салауатты өмір салтын ұстануға үгіт жүргіземіз. Тұрғын үйлердің қабырғаларын қарап отырсақ, есірткі сататын сайт немесе белгісіз мекенжайды көруге болады. Бұл арқылы олар есірткі саудалайтын дүкендерді, сайттарды және жасырын тұрғылықты жерлерін жарнамалайды, - деді Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқарманың полиция полковнигі Сергей Иляних.
Оның айтуынша, көбіне есірткіге 14-18 жастағы жасөспірімдер әуестенеді. Сол себепті шараны жастарға тәжірибе жүзінде көрсетудің маңызы зор.
Қазіргі таңда біз жастарға ден қойып отырмыз. Себебі жасөспірімдердің әр нәрсеге қызығушылығы жоғары. Сайттарда немесе көше жарнамаларының айласына тез түсіп қалады. Сол себепті оларға қабырғаларда боялып жазылған жарнамалардың қандай болатынын көрсетіп, ондай жағдайда қандай шара қолдануға болатынын айтамыз, - деді ол.
Маманның айтуынша, егер мұндай жарнаманы көрсеңіз, бірден 102 телефонына хабарласқан дұрыс.
Ал көрген жағдайда, жазуды өшіруге тырыспаңыз. Мейлінше жедел топты күткен абзал. Себебі біздің жедел топ олардың қай жерде орналасқанын, қандай суреттеме екенін анықтайды. Оның ішінде ең маңыздысы - саусақ іздері. Одан кейін құжаттама толтыруға кірісеміз, - деді Сергей Иляних.
Сонымер қатар ол «Мұндай есірткі жарнамаларын өшірудің пайдасы бола ма?» деген сұраққа жауап берді.
Әрине, болады. Меніңше, жарнамаларды өшірген сәтте оның керісінше психологиялық әсері болады. Біз есірткі жарнамаларын бояғыштармен өшірген кезде олардың бетіне «Адал жүріп, адал тұр» мәтінін және сенім телефон нөмірлерін жазып қоямыз. Сол тәуелді жандарға тоқтау керектігін ескертеміз. Қаншалықты көп жойсақ, соншалықты сұраныс азаяды, - дейді Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқарманың полиция полковнигі.