Елордада ер адам кездейсоқ өтіп бара жатқан адамды аяусыз соққыға жыққан

2 Маусым 2022, 14:00
1349
Бөлісу:
Елордада  ер адам кездейсоқ өтіп бара жатқан адамды аяусыз соққыға жыққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күндізгі уақытта 42 жастағы қала тұрғыны Дүкенұлы көшесінің бойындағы дүкеннен шығып келе жатып, мас күйде жүрген бейтаныс ер адаммен иықпен соқтысып қалған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының  ПД баспасөз қызметі.

Бейтаныс адам агрессивті түрде әрекет етіп, ер адамның басынан ұрған, салдарынан ол асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Осыған қарамастан құқық бұзушы оны ұрып-соғып, жерде жатқан оған бейберекет соққылар жасай бастаған. Төбелесті көрген куәгерлер жүгіріп келіп, бұзақыны тоқтатуға тырысқан. Осы кезде оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні құрықтап, «Сарыарқа» ауданының Полиция басқармасына жеткізді.

Басынан ауыр жарақат алған жәбірленуші полицияға жеткізіліп, қалалық ауруханаға жатқызылды. 

Ұсталған азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 106-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Полиция бұл күдіктінің ауыр жұдырығынан зардап шеккен адамның бірінші жағдайы емес екенін атап өтті. Күдікті 2010 жылы абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған. 

Қазіргі уақытта ұсталған ер адам ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Өзгелердің жаңалығы