Елордада экологиялық саясат саласының сарапшылары бас қосты

30 Мамыр 2023, 16:38
859
Бөлісу:
Елордада экологиялық саясат саласының сарапшылары бас қосты
Фото: автордан

Елордада экологиялық саясат саласы сарапшыларының басын қосқан бірінші халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі ұйымдастырған Тұрақты даму шешімдері желісінің (SDSN Қазақстан) жиыны алғаш рет өткізіліп отыр. Конференцияға тұрақты даму және экологиялық саясат саласындағы үздік қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысуда. Олар ғылымдағы соңғы жетістіктер және Орталық Азиядағы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі негізгі мәселелерді назарға алды.

Конференцияның негізгі бағыттары ретінде: климат және энергия, білім беру, серіктестік және жасыл даму, су, жер және елдімекендерді таңдадық. Біздің мақсатымыз – елдегі тұрақты даму реформаларының практикалық шешімдерін ұсыну. Сондай-ақ тұрақты даму мақсатында сапалы зерттеулер жасағымыз келеді. Үкіметімізге заңнама әзірлеу кезінде пайдасы тиетін жаңғырмалы энергетика мен тұрақты даму саласындағы нұсқаулықтар жүйесін әзірлеп берсек деген жоспарымыз бар, - деді Назарбаев университетінің оқытушысы, жиынды ұйымдастырушы Серік Оразғалиев.

Елордада экологиялық саясат саласының сарапшылары бас қосты

Бас қосуға еліміздің беделді оқу орындарының сарапшыларынан бөлек, Австралия, Америка сынды елдерден де мамандар ат басын бұрған.

Еліміз 2060 жылға қарай карбон бейтараптығын азайтып, көмір тұтынуды қолдануды қысқартамыз деп белгілегеніміз белгілі. Оның қандай жолдары бар, Күн, жел энергиясын қалай қолдануға болады, оның қандай жолдарын таңдаймыз деген сияқты сұрақтарға жауап іздейміз, - деп атап өтті конференцияның ұйымдастырушысы.

Елордада экологиялық саясат саласының сарапшылары бас қосты

Айта кететін жайт, SDSN Kazakhstan – 2022 жылдың қаңтарында құрылған, базасы аталған оқу ордасында БҰҰ тұрақты даму саласындағы шешімдердің жаһандық желісінің Қазақстандағы ұлттық өкілдігі.

Өзгелердің жаңалығы