Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінің ғимаратында «Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негізі» және «Дипломатиялық сыйлықтар – адамзаттың мәдени мұрасының бөлігі» атты көрмелер салтанатты түрде ашылды.
Елбасы кітапханасының архивтік, кітаптар және музей жинақтарындағы көрмелер ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар сериясы аясында ұйымдастырылып отыр.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов атап өткендей, Тұңғыш Президент күні қарсаңында екі көрме ашылып отыр.
Биылғы жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Көрмелердің экспозициясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архивтік құжаттары арқау болды. Көрме экспозициясында лайықты орын алған мұндай баға жетпес жинақтарды өзге көрмелерден де көретін боламыз. Алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын,- деді ол.
ҚР Парламентінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов айтқандай, екі тарихи мерекенің алдында көрмелердің ашылуы өте үлкен мағынаға ие.
Бұл ғимарат та тарихи. Тәуелсіздік алған жылдардың басында астананы ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ол кезде көп адам оның гүлденетініне сенбеді. Қазір, міне, Тәуелсіздіктің 29 жылдығы таяп қалды. Одан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ басамыз. Тәуелсіздіктің туын биікке көтеруде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны орасан, - деді Бектұрғанов.
Айта кетейік, көрмелер 2021 жылғы 13 қаңтарға дейін созылады.