Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, деп хабарлады Елорда Инфо.
Өткен жылы Үкімет басшысының қаулысымен тұғырлы тұлғаның дүние есігін ашқан күн – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Соған орай Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында елордада дәстүрлі Тіл фестивалі басталды. Биыл бұл айтулы шара 21-ші рет байрағын көтеріп отыр.
Нұр-Сұлтан қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты Руханият орталығы Тіл фестивалін «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты дөңгелек үстел мәжілісімен бастады. Бұл шараға ғалымдар, тіл жанашырлары, мәдениеттанушылар, қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тіл туралы ой-толғаныстарын ортаға салды.
«Бүгін Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Соған орай қаламызда Тіл фестивалі басталды. Біз енді мәдени шара аясында біраз жобаларды қолға алып отырмыз. Нақтырақ айтсақ, «Менің тілім – Ұлы дала рухы» мерекелік кеші, «Азат елге аманат – туған тілім» деген жас ақындар мүшәйрасы, «Rýhtime» тұлға-танымдық жобасы, «Ұлы дала есімдері: ұлт көсемдері мен рухани батырлар» және «Елтаным» рухани-танымдық көшпелі дәрісі, «Қазақ тілін оқыту әдістемесі: болашағы және өзекті мәселелері» ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз», - деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Сондай-ақ, Тілеуғали Қышқашбаев латын әліпбиіне байланысты диктант жазу ұйымдастырылатынын айтты.