Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Бөрте» спектаклі қойылды.
Түркістан музыкалық драма театры қойылымды белгілі драматург, Мемлекеттік сыйлығы лауреаты Дулат Исабековтың пьесасы желісімен қойған, премьера Түркістан қаласында өткен.
Бөрте әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі. Бөртеге арналған тұңғыш шығарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылып отыр. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды.
Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған атақты «Калқа өзені бойындағы шайқасқа» дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады.
«Бөрте» спектаклін қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливермор (Davide Livermore) шақырылды. Қойылымның көркемдік жетекшісі - Айнұр Көпбасарова, режиссер - Карло Шаккалуга.
Декорация шынайлығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленеді. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев спектакльге арнап эксклюзивті музыка жазды.
Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, алдағы уақытта да озық техникалық және креатив шешімдерге негізделген тың қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына көптеп ұсынылатын болады.
Түркістан музыкалық драма театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова қойылымға 215 костюм тігілгенін айтты.
Ал театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі қойылым Италияға шақырту алғынын айтты.
"Бөрте" спектакль арқылы өзіміздің драма театрды да таныстыруға келдік. Есігіміз аймақтардан келетін қонақтарға әрқашан ашық. Басты рөлде 19 актер ойнады. Балет эпизодтары бар. Қаншама реквизиттер жасалды. Олардың барлығы Қазақстанда әзірленді. Спектакльдің ең құнды дүниесі-пьессасы. Бұл атақты драматург Дулат Исабековтың туындысы. Бұл тек тарихи қойылым ғана емес, махаббат, сатқындық,даналық туралы туынды,-деді ол.
Спектакль бас-аяғы 3 сағатқа созылды. Жауын-шашыннан бастап 3D әсерлер пайдаланған қойылым көрерменді шаршатпады. Қойылымға депутаттар, актерлар мен зиялы қауым өкілдері келген.
Спектакльді италияндық режиссерлар қойды. Бұл қойылымды қойған біздің театр бақытты. Біздің қойылымдарды әлемдік деңгейге шығаруымыз керек болғандықтан италиялық режиссерларды шақырдық. Олар келісті. Ла Скалада спектакль қойып жүрген мамандар қойды. Біздің де режиссерлер жұмыс істеді. Актерларымыз өте талантты,оларды әлемдік деңгейге шығаруымыз керек. Келесі маусымда бұл қойылымды Италияда қоюға шақырту келді,-деді әдеби бөлім меңгерушісі Шынар Омарова.
Түркістан музыкалық драма театры Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен салынған Түркі әлемі астанасының ең сәулетті ғимараттарының бірі. 2021 жылдың мамыр айында Елбасы арнайы келіп жаңа театрдың актерлық құрамымен және сахнаның техникалық мүмкіндіктерімен танысқан еді.