Елордада бокстан VI жазғы спартакиада басталды

14 Қараша 2023, 16:31
659
Бөлісу:
Елордада бокстан VI  жазғы спартакиада басталды
PHOTO
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде бокстан әр төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ерлер арасындағы спартакиада басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, байрақты бокс бәсекесінде әлем чемпиондары – Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және барлық өңірден жиналған 250-ден астам былғары қолғап шебері сынға түсіп жатыр.

Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг) дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды.

Елордада бокстан VI  жазғы спартакиада басталды

VI жазғы Спартакиаданың алғашқы жарыс күнінде 48, 54, 67, 75, 86 кг салмақтағы спортшылар 1/8 финалдың жекпе-жектерін өткізді.

Турнир барысында ел чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), «Elorda Cup» бәсекесінің жеңімпазы Тимур Қабдеш (54 кг), жастар арасында Қазақстан чемпионы Армат Арманұлы (75 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Аманбек Қазанғапов (86 кг) сынды боксшылар жарысты сәтті бастады. Ал 75 келідегі фавориттердің бірі саналған Аятулла Тәкіжанов тартысты кездесуде жастар арасындағы Азия чемпионы Бақберген Әлиасқаровтан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.

Алдағы бір апта бойы еліміздің ең мықты боксшылары елорда шаршы алаңында қолғап түйістіріп, жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер ұсынады. Турнир жеңімпаздары келесі жылы өтетін халықаралық ірі жарыстарда ел намысын қорғайтын болғандықтан, әрбір салмақтағы айқастар әділ бағаланып, шын мықты жеңіске жетуге тиіс. Ешқандай бұра тартушылыққа жол берілмеуі керек. Жекпе-жектердің әділ бағалануы үшін елордаға еліміздің және шетелдің ең тәжірибелі деген төрешілері шақырылды. Елорда тұрғындарын және қала қонақтарын боксшыларға қолдау көрсетуге шақырамын, - деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Елордада бокстан VI  жазғы спартакиада басталды

Бүгін 51, 57, 60, 71 келідегі боксшылар сынға түседі. Бокс бәсекесінің барлық жекпе-жегін «Qazsport» телеарнасы күндізгі сағат 12:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектер 19 қарашаға жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы