Елордада бір тәулік ішінде карантин талаптары 15 мекемеде бұзылды

28 Шілде 2021, 13:16
1847
Бөлісу:
Елордада бір тәулік ішінде карантин талаптары 15 мекемеде бұзылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин бұзушыларды анықтауды жалғастыруда. Мәселен, 27 шілдеде  шектеу шараларын сақтамаған 15 мекеме анықталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тәулігіне 200-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, елорданың 240 кәсіпкерлік нысаны тексерілді. Анықталған бұзушылықтардың арасында маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, жұмыс режимін сақтамау, адамдардың жаппай жиналуы жиі кездеседі.

Есіл ауданында «Opus One» кафесі, «Lavash Food» фаст-фуд нысаны және «Aura Club Alanya» түнгі клубы карантин талаптарын сақтамаған.

Сарыарқа ауданының мониторингтік тобы «Буржуй» және «Chili Grill» барларында карантин бұзушылықтарын тіркеді.

Белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін Байқоңыр ауданында орналасқан 7 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар: «Zara» түнгі клубы, «Barrus» лаундж-бары, «Шашлыков», «Gastro Bar» барлары, «Respawn» компьютерлік клубы, «Амир» базары, «Шашлычок» кафесі.

Бұл тізімге сондай-ақ Манас көшесіндегі лото клубы, Алматы ауданында орналасқан «Панаехали» бары және Балқантау көшесіндегі коттедж кірді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалуда. Күн сайын КВИ ауруының 1300-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауы тиіс.


Өзгелердің жаңалығы