Елордада бір кеште екі тойдың өткені анықталды

9 Тамыз 2021, 10:45
2658
Бөлісу:
Елордада бір кеште екі тойдың өткені анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. 

Қаланың кейбір кәсіпкерлік нысандары ескертулерге, жауапкершілікке тартылғанына қарамастан карантиндік шектеулерді жүйелі түрде бұзып, есігін жауып алып жұмыс істеуін, осылайша қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіруін тоқтатар емес, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Өткен тәулікте, яғни 7 тамызда елорданың мониторингтік топтары қаланың 20 мекемесінде карантин талаптары бұзылғанын анықтады.

Сонымен Есіл ауданындағы 6 нысанда тиісті талаптар сақталған жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарының сенбі және жексенбі күндері келушілерді қабылдауға, сол сияқты той-жиындар өткізуге тыйым салғанына қарамастан, «Altyn shef restoran» мейрамханасында көп адамның қатысуымен той өтті. Сондай-ақ, «Мята» лаундж-бары, «Chechil Pub», «Tequilla» барлары, «Золото» мейрамханасы, «Alanya» клубы жұмыс режимін сақтаған жоқ.

Карантиндік шектеулердің сақталмауы Сарыарқа ауданында орналасқан "Бүркіт", «Темірлан» кафелерінде, «Jin» лаундж-барында, «Respawn» компьютерлік клубында, «Discovery coffee» кофеханасында, «Арман Қала» мейрамханасында, «Сауна на дровах», «Империя меха» дүкенінде тіркелді.

Алматы ауданындағы карантинді бұзушылар тізімінде «Бақ сарай» мейрамханасы, «Охот»" саунасы, «Рыба моей мечты» караоке-бары, «Алания» түнгі клубы, «ХЗ» бары бар. Сонымен қатар, Жанкент көшесіндегі жеке үйлердің бірінде той өткізілгені анықталды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша бес айдан бері «қызыл» аймақта тұр. Коронавируспен ауыратындар санының өсуі жалғасуда, күн сайын 1200-1300-ге жуық науқас анықталады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары өз денсаулығын және өзгелерді сақтау үшін санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.

 


Өзгелердің жаңалығы