Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Өткен тәулікте, яғни 7 тамызда елорданың мониторингтік топтары қаланың 20 мекемесінде карантин талаптары бұзылғанын анықтады.
Сонымен Есіл ауданындағы 6 нысанда тиісті талаптар сақталған жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарының сенбі және жексенбі күндері келушілерді қабылдауға, сол сияқты той-жиындар өткізуге тыйым салғанына қарамастан, «Altyn shef restoran» мейрамханасында көп адамның қатысуымен той өтті. Сондай-ақ, «Мята» лаундж-бары, «Chechil Pub», «Tequilla» барлары, «Золото» мейрамханасы, «Alanya» клубы жұмыс режимін сақтаған жоқ.
Карантиндік шектеулердің сақталмауы Сарыарқа ауданында орналасқан "Бүркіт", «Темірлан» кафелерінде, «Jin» лаундж-барында, «Respawn» компьютерлік клубында, «Discovery coffee» кофеханасында, «Арман Қала» мейрамханасында, «Сауна на дровах», «Империя меха» дүкенінде тіркелді.
Алматы ауданындағы карантинді бұзушылар тізімінде «Бақ сарай» мейрамханасы, «Охот»" саунасы, «Рыба моей мечты» караоке-бары, «Алания» түнгі клубы, «ХЗ» бары бар. Сонымен қатар, Жанкент көшесіндегі жеке үйлердің бірінде той өткізілгені анықталды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша бес айдан бері «қызыл» аймақта тұр. Коронавируспен ауыратындар санының өсуі жалғасуда, күн сайын 1200-1300-ге жуық науқас анықталады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары өз денсаулығын және өзгелерді сақтау үшін санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.